«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Еліміздің барлық өңірінде өткен сенбі күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы кең көлемде өткізілді. Табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған бұл игі бастамаға біздің аудан да өз үлесін қосты.
Туған жердің табиғатын аялау мен тазалықты сақтау ісіне аудан тұрғындары белсене қатысып, бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан экологиялық жоба аясында Қарғалы су қоймасы аумағында ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғи сұлулықты сақтау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру болды.
Шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен аудан жастары қатысып, барлығы 100-ге жуық ерікті табиғатты қорғау ісіне атсалысты. Қатысушылар қолдарына күрек пен қап алып, су қоймасының жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Сондай-ақ, бұл күні табиғатты көгалдандыру мақсатында аудан орталығындағы «Даңқ» алаңына ағаш көшеттері отырғызылды.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев шара барысында тазалық жұмыстарына тікелей қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын, әр адам өз туған жерінің тазалығына бейжай қарамай, ел болашағына жауапкершілік танытып, табиғатты аялау – ұлт мәдениетінің көрсеткіші екендігін атап өтті.
Акция нәтижесінде 4 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы техникамен белгіленген орындарға жеткізілді. Бұл бастама өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатты қорғауға деген ықыласын арттырды.
Сонымен қатар, аудан жастары да тазалық іс-шарасына белсенді үлес қосып келеді. Осы орайда жастар ресурстық орталығының маманы Рада Досмұхамбетова да акцияның тәрбиелік мәнінің зо екендігін айтады.
— Бүгінгі шара – бірліктің, жанашырлықтың және азаматтық борыштың айқын көрінісі. Табиғатты қорғау – әр азаматтың, әрбір жастың парызы. Егер әр жас өз ауласын, өз ауылын таза ұстаса, еліміздің ертеңі де жарқын болмақ, – дейді ол.
Айта кету керек, аудан әкімінің бастамасымен экологиялық бағыттағы мұндай шаралар жыл сайын жүйелі түрде өткізіліп келеді. Көктем, жаз және күз айларында ұйымдастырылатын тазалық жұмыстарының барлығы тұрғындар арасында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы – тазалық жұмыстарының жиынтығы ғана емес, ел бірлігі мен экологиялық мәдениеттің жарқын көрінісі. Осындай ортақ іске жұдырықтай жұмылған қоғамда табиғатты аялау дәстүрі нығайып, жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге қалыптасады.
Олай болса, «Бірлік бар жерде – береке бар, тазалық бар жерде – тіршілік бар», – демекші, әрбір азамат өз туған жеріне немқұрайлы қарамай, табиғатты аялауға атсалысса, еліміздің ертеңі де, жеріміздің көркі де жарқырай түспек. Тазалық – тек аула мен көше сәні емес, ол – жан тазалығының, рухани мәдениеттің айнасы.
Ендеше, ортақ іске үлес қосқан әр тұрғынның еңбегі – табиғатқа деген құрметтің, елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







