АДАМ ӨМІРІ – ОЛАРДЫҢ БАСТЫ ПАРЫЗЫ

Қазан айының үшінші жексенбісі – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген ержүрек жандардың кәсіби мерекесі. Бұл күн – өрт сөндірушілерге, азаматтық қорғаныс қызметкерлеріне және суда құтқару саласының мамандарына арналған құрмет пен алғысқа толы ерекше күн.
Құтқарушы болу – ерлік пен жүректің ісі. Олар өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің амандығы үшін күреседі. Табиғи апаттар, өрт, су тасқыны немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмекке ұмтылатын да – осы мамандар. Олардың қажырлы еңбегі мен батылдығы – адамгершіліктің айқын көрінісі.
Тарихқа үңілсек, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылып, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен азаматтық қорғаныс ісінде үлкен жауапкершілікті мойнына алған болатын. Биыл аталмыш құрылымның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында құтқару қызметі кәсіби тұрғыдан дамып, талай сын сәтте адам өмірін сақтап қалуда зор үлес қосты.
Бүгінде ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімінде де өз ісіне адал, білікті мамандар еңбек етуде. Қауіп-қатерге қарамастан, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күн-түн демей қызмет атқарып жүрген аудан құтқарушылары – біздің мақтанышымыз.
Мереке қарсаңында барша төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне халық атынан шынайы ризашылық пен алғыс білдіреміз. Сіздердің батылдықтарыңыз, кәсіби шеберліктеріңіз және адам өміріне деген адал жауапкершіліктеріңіз – нағыз ерліктің үлгісі!
Барша құтқарушыларға мықты денсаулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне сәттілік пен табыс тілейміз. Әр күндеріңіз қауіпсіз болып, еңбектеріңіздің жемісі ел игілігіне айнала берсін!




