Сәрке батыр есімі ұлықталды
Өткен аптада Есет батыр тұрғын алабының № 2 ықшам ауданына Сәрке батыр есімі берілді.
Тарихқа шолу жасасақ Сәрке батыр 1690 жылы Меңдібек Шоңмұрынұлы атты Жағалбайлы Біліс тарауынан шыққан, мыңдаған жылқы өсірген, күйлі адамның отбасында дүниеге келген. Білістер ол кезде Жайық бойының салаларын, қәзіргі Қостанай облысындағы Жітіқара, Орынбор облысындағы Адамау, Новоорск, Орск, Ақтөбе өңіріндегі Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандары аумақтарын жайлаған. Батырдың жастық шағы қазақтың ең атақты хандарының бірі Әз-Тәукенің заманынан басталып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ел басқаруымен тығыз байланысты.
ΧVIΙI ғасырдың басындағы қазақ қолдарының талай жорықтарында Тама Есет, Төртқара Жәлімбет, Жағалбайлы Төс және басқа батырлармен үзеңгілес болып, шыңдалған. 1723 жылы басталған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен белгілі болған жоңғар шапқаншылығы заманында Тайлақ батыр бастаған Жағалбайлы сарбаздарымен киелі Ырғыз, Торғай өзендерінің арасында жоңғардың қалың қолын үш жыл бойы алға жылжытпай тоқтатып тастаған Алшынның 25 рулы елінен шыққан 25 батырдың бірі.
Осы орайда батыр есімін ұлықтап жүрген өлкетанушылар үш жылдан бері осы батыр ескерткіші орналасқан аудандағы көшеге Сәрке батыр есімін беруді үш жылдан бері ұсынып келген болатын.
Осылайша, бұл қуанышты жаңалық жақында мақұлданып, қыркүйек айының 14-і күні аталмыш аудандағы көшеге Сәрке батыр есімі берілді. ΧVIΙI ғасырда өмір сүрген, тарихи тұлғаларымыздың бірі – Сәрке батыр есімінің атаусыз көшеге берілуіне орай мәдени-танымдық шара өтті.
Шараға «Алматы» ауданы әкімі Медет Ысқақов пен өңірімізге танымал еңбек ардагерлері, тарихшылар, батыр ұрпақтары мен Қарғалы және Хромтау аудандардан арнайы қонақтар, көше тұрғындары қатысты.
Сәрке батыр есімі соңғы кезде көбірек зерттеліп, келешек ұрпаққа есімі насихатталып жүр. Осы орайда батырдың ұрпағы – облысымызға белгілі кәсіпкер, ауданымыздың тұрғыны Амангос Төлеуов пен өлкетанушы Баянғали Құлтаевтың атқарған еңбектері зор.
Батырды зерттеу жұмыстары 2000 жылдардың басында басталып, Мұғалжар ауданы Шеңгелді ауылының ақсақалы Кейнебай Адаевтың әңгімесі бойынша Жем өзенінің сағасынан іздеген жерлеу орны табылған. Бұл аты аңызға айналған Сарке батырдың қабірі еді.
Одан соң 2008 жылы ұрпақтарының бастамасымен және Мұғалжар ауданы әкімдігінің қолдауымен жерлеу орнына ескерткіш белгі орнатылды. Бұл оқиғадан кейін 11 жыл өткен соң ҚосЕстек ауылына кіре берісте батырға арналған мемориалдық кешен салынып, ас беріліп, кең көлемде мәдени іс шара өтті. Айта кету керек бұл бастамаға батырдың ұрпақтары, яғни біздің ауданның тұрғындары себепші болған.
Сәрке Шоңмұрынұлы ΧVIΙI ғасырда жоңғарларға қарсы күресте ерлік танытқан белгілі батыр. Бүгінде батыр жайында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Нұрмұхамбет Дияров оған өлең арнаса, жергілікті өлкетанушы Баянғали Құлтаев зерттеп, кітап жазып, деректі фильм түсірген.
-2006 жылдан бері осы Сәрке батырды зерттеп 6 рет Башқұртстанда болдым. Одан соң Орынбор, Казан қалаларының архивін ақтарып шықтым. Осылайша, Сәрке батырдың тарихын зерттеу барысында Ресей еліне бірнеше рет сапар шегіп, естеліктерін жинақтап, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2022 жылы Ақтөбе «Полиграфия» баспасынан «Сәрке батыр» кітабы жарық көрді». Қаншама зерттеулерім аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланды. Бұл батырымыздың бір өзіндік ерекшелігі жоңғарлар шайқасына қатысып, мына Қарасиыр алаңында жекпе жекке шығып, жоңғардың батырының басын кескен. Сол Қарасиыр деген алаңда осы күнге дейін «Сәрке төбе» деген төбе бар деген батыр жайындағы лебізімін бөлісті, — өлкетанушы, тарихшы, мемлекет қайраткері Баянғали Құлтаев.
Мәдени іс шарада сөз сөйлегендердің бірі батырымыздың ұрпағы, жерлесіміз Аманғос Төлеуов:
— Қазақ қайраткерлерін, халқымыздың тарихи тұлғаларын зерттеп, насихайттай отырып келер ұрпаққа патриоттық тәрбие беру біздің басты мақсатымыз. Сонымен қатар, бұл тарихи тұлғаға деген құрмет. Осы орайда біз облыс орталығындағы көшелердің біріне Сәрке батырдың есімін беруді ұсынған едік. Бұл мәселе бойынша өңір басшылығына жүгіндік және бұл ұсынысымызды қолдады. Өте қуаныштымыз. Енді міне атақты батырдың есімін Ақтөбе көшелерінің бірі алып отыр, — деген қуанышты лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов та ақтөбеліктерді айтулы оқиғамен құттықтады:
— Елімізде елді мекендер мен көшелерге даңқты қайраткерлер мен тарихи тұлғаларымыздың 555 есімі берілген. Оның 60-ы біздің жерлестеріміздің есімі. Есет батыр шағын ауданының көшелеріне Бауыржан Момышұлы, Бопай ханым есімдері берілсе, енді міне Сәрке батыр есімімен толығып отыр. Бұл біздің өңірімізден шыққан тарихи тұлғаларымызға деген зор құрмет. Мұнда тұратын көше тұрғындары тарихқа қызығушылық танытып, балаларын атақты батырлардың есімдерін біліп өсуге септігін тигізбек,-деді аудан әкімі.
Көшенің салтанатты ашылу рәсімінде тарих ғылымдарының докторы Талғат Жұмағанбетов, облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шангутов және тағы да басқа қонақтар сөз сөйледі. Олардың барлығы қазақ халқы өзінің тегін біліп, тарихи-мәдени мұрасын сақтап, өскелең ұрпақты Отансүйгіштік тәрбиелеуге шақырды.
Олай болса, батырдың әруағын сыйлаған елдің рухы азбайды, дәстүрлері де тозбайды демекші, замандар өтіп, ұрпақтар алмасар, бірақ Қазақ болып қалыптасуымызға елеулі үлес қосқан батырымыздың есімі тарихта қалып, ісі келешек ұрпағымыз үшін үлгі болып қала бермек.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.