Қаз бен үйректің өнімін қар түсерде күтеміз…

Құс шаруашылығы — ауыл шаруашылығының ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Соның ішінде  қаз бен үйрек  – үй шаруашылығындағы пайдалы құстардың бірі. Олар күй талғамайды, ет пен майды, өте жақсы қауырсын мен мамықты мол береді. Үйрек пен қаз өнімдері біздің  тағамдық тұтынуымызда құнды болып саналатын еттері, қаздың майлы бауыры, олардың майы.  Осы орайда, соңғы кездері біздің өлкемізде де  «Ауыл аманаты» жобасы аясында құс өсірушілер қатары көбейіп келеді.

Бұған дейін айтып өткеніміздей Велихов ауылдық округінде де «Ауыл аманаты» жобасына  үміт артып қатысқандар жетерлік. Олар жайында көбірек жазылып жүр. Біз сөз еткелі отырған Рита  Чернышева да солардың бірі. Жолдасы Константин  Канишев  «Велихов» ЖШС-де комбайыншы болып қызмет етеді. Бүгінде жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Балаларының екі үлкені аудан орталығындағы Агро-техникалық колледжінде оқиды. Ал қалған үшеуі мектепте білім алуда.

Қазіргі таңда Рита үй шаруасымен айналысуда. Ол ауылдастарынан сүтті сатып алып, одан май, қаймақ, сүзбе тәрізді өнімдерін дайындап, оны сатумен айналысады. Сондай-ақ, ауданда өтетін ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесіне сүт өнімдерін қол жетімді бағада ұсынып келеді.

Кәсібін өркендету мақсатында «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға шешім қабылдайды. Осылайша, өзінің үйін кепілдікке қойып, қатысқан еңбегіне қарай  2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алады. Қолына тиген қаржыға 127 қаз, 21 үйрек пен оларға қажетті жемдерін алып құстарын баптауда. Алғашқы өнімінің басын аудан орталығында өткізілген жәреңкеге апарып, тиісті бағасына сатып,  құстары табыс көзіне айналуда.

Сөз басында айтқанымыздай құстарының өнімін екшелер кез де қашық емес. Жалпы қай құсты алсаң да, адам затқа берері мол. Еті дәмді, мамығы мен жұмыртқасы пайдалы. Сондықтан да біздің өңірімізде құс шаруашылығын дамытуға болады. Оған мемлекеттен де қолдау бар. Тек баптай алсаңыз болғаны.

Бақыт ИМАШЕВ.