ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫН ТАҢДАҒАН – ҚАМАЖАЙ

 Тамыз айының әр екінші жексенбісінде Қазақстанда Құрылысшылар күні атап өтіледі. Бұл мереке ресми мәртебесін 1998 жылы  алды.

         Әлемде көкпен таласқан қаншама ғимараттар мен көздің жауын алатын үйлерді құрыш қолды құрылысшылар салса, ал артында өнері көзге көріне бермейтін сәулетші, архитектор т.б құрылыс  саласының мамандары бар.

Біздің мереке алдындағы сөз еткелі отырған кейіпкеріміз осы құрылыс саласының  маманы. Шыны керек, қазіргі дамыған заманда ауылдық жерлерде кәнігі құрылысшыны табу да қиын. Расында, құрылысшы маманы көп жерлерде тапшы екендігі айтылып та жүр.

Солай десекте жергілікті жерде құрылысты жобалап, оны қадағалайтын  бақылаушы арнайы мамандар бар. Соның бірі – аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі.

Осы бөлімдегі  екі-үш маман аудандағы салынатын құрылысқа керекті  жобалық сызба, орынын дайындау жұмыстарын атқарады.

Біздің  кейіпкеріміз де сол саланың білікті маманы. Мектеп қабырғасында жүргеннен құрылыс саласының маманы болуды армандаған —  Қамажай Аумешева жайында болмақ.

Ол Атырау қаласында әкесі Раймберді мен анасы Зауренің  шаңырағында 1978 жылы 12 қарашада дүниеге келген. Қамажай отбасындағы 4 баланың екіншісі. Атырау қаласындағы № 27 мектепті бітірген жеткіншек, өзіне жастайынан арман болған құрылыс саласына оқуға бет алады. Осылайша,Атырау мұнай және газ институтының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» бөліміне оқуға түсіп, оны 2001 жылы бітіріп, арманына бір қадам жақындайды.

Сол жылы анасы қоныс аударған осы Бадамша ауылына келіп,  аудандық әкімшілікке жұмысқа қабылданады. Аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз  ету бөліміне қабылданып, мемлекеттік қызметкер болып шыға келеді.

Осы бөлімде алты жылға жуық жұмыс жасап, тәжірибе жинақтап, шыңдалған маманға аудан әкімшілігі 2006 жылы өзінің армандаған мамандығына ұсыныс жасағанда, қуанып бірден қабыл алады. Сөйтіп, Қамажай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне бас маман болып орналасады. Қызметтегі іскерлігімен көзге түсіп, 2020 жылы аталмыш бөлім басшысының міндетін атқарушы, ал 2021 жылы бөлім басшысы боп қызметін атқарады. Үш жыл басшылық қызмет еткен ол бүгінде осы бөлімнің бас маманы. Бір қызметте 18 жыл еңбек еткен маманның өмірден түйгені де аз емес. Сондай-ақ, тәжірибелі де білікті  маманның еңбегі де елеулі. Облыстық, аудан әкімдері мен құрылыс саласынан алған  марапаттары да баршылық.

Жолдасы Алимжан екеуі 2002 жылы отау құрып, бүгінде отбасында 2 ұл тәрбиелеп келеді. Үлкені биыл жоғарғы оқу орнын  бітірсе, кішісі биыл 11 сыныпқа барады. Жолдасы аудандық өрт сөндіру  бөлімінде қызмет етеді. Екеуі де елге сыйлы отбасы. Қамажай қоғамдық жұмыста да, орта да өзіндік орыны бар. Сонымен қатар, қоғам белсендісі, отбасының ұйытқысы, ауданымыздың дәулетіне сәулет қосуға үлес қосып жүрген құрылысшылардың сенімді сергі деуге де болады.

         Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»