Ашықтық пен әділдік: мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тетігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ілкімді реформалар жүргізіліп келеді. Жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері жетілдірілді.
Өткен жылы мемлекеттік қызметте бұрын болмаған онлайн іріктеу жүйесі іске қосылды. Аталған жаңашылдықтың көздеген мақсаты — кадрларды іріктеудің ашық, ең бастысы – әділ жүйесін қалыптастыру. Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылды.
Бүгінде, «eqyzmet.gov.kz» порталында іске қосылған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы 44 мемлекеттік органда жүзеге асырылуда. 2026 жылға дейін бұл жаңа іріктеу жүйесіне барлық мемлекеттік органдар кезең кезеңімен қосылатын болады.
Ақтөбе өңірі жаңа іріктеу жүйесіне осы жылдың 1 шілдесінен бастап енді. Бүгіннің өзінде, «eqyzmet.gov.kz» порталында жергілікті мемлекеттік органдардағы 15 бос лауазымға конкурстар жарияланып, өткізілуде.
Жаңа формат үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа, барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Үміткерлер өз деректерін бұрынғыдай қағаз түрінде тапсырмайды, мемлекеттік органдармен жасалған интеграция арқасында деректер автоматты түрде тартылады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге – яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Сондай-ақ қазір үміткер сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңдерінен өтеді.
«Адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде дербес деректерді құпияландыру, анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында үміткерлер ID-нөмірленеді және тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіледі. Бұл тәжірибе әлемде кеңінен қолданылады және HR-дың тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеп отыр.
Конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалады. Нәтижесінде, жаңа жүйе бойынша өткізіліп жатқан конкурстарда бір орынға қатысушылардың үлесі 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артып отыр. Бұл онлайн форматтағы іріктеу азаматтардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттырғанын байқатады.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке үміткерлердің эмоционалды интеллект және олардың рухани даму деңгейін анықтауға бағытталған тесттерді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесі зерделеніп жатыр.
Мемлекеттік қызметке орналасуға жастарға да жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.
Биыл ұйымдастырылған Президенттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Бүгінде бастамашыл, жаңаша ойлай алатын жастарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буыны қалыптасты. Резервке іріктеу жүзеге аса бастағаннан бері жауапты қызметтегі жастардың үлесі артты. Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша 13 резервшінің 12-сі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту жұмысының жалғасы ретінде биыл 1 наурыздан бастап Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірден жобаға қатысуға барлығы 524 жас өтінім берді, құжаттарды зерделеу қорытындысы бойынша заңнаманы білуге тестілеуге – 269 адам, жеке қасиеттерін бағалауға – 140 адам жіберілді. Құзыреттерді бағалауға 51 адам кірді. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.
Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға аудандық және ауылдық жердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігі берілді.
Бүгінде 20 үздік түлек аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүр. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Ал жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады деген үміт пен сенім үлкен.
Айбек ШІЛМАНОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы