Құмай тазыны баптаған

Құмай тазыны баптаған

БАДАМША АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ САБЫРЖАН БАҚБЕРГЕНОВ ИТ БАПТАУҒА БАЛА КҮННЕН АҢСАРЫ АУҒАН. ҚАЗІР ОНЫҢ ТАЗЫЛАРЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫСТАРДА ЖҮЙРІКТІГІМЕН КӨЗГЕ ТҮСІП, ТОП ЖАРЫП ЖҮР. СЕРІ ЖІГІТ ТАЗЫЛАРЫНЫҢ ӘЛІ АЛДА ТАЛАЙ БЕЛЕСТЕРДІ БАҒЫНДЫРАТЫНЫНА СЕНІМДІ. ОРАЙЫ КЕЛГЕНДЕ ТАЗЫ БАПТАУШЫМЕН СҰХБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.

— Ит баптауға деген қызығушылығыңыз қалай оянды ?

— Әкем мен ағаларымның жолын қудым десем де болады. Олардың тазымен аңға шыққанын көріп, тамсанып өстік. Атамыз мықты аңшы болған. Ең бірінші күшігімді алған кезде, тазының арасында мықтысын сұрыптауды үйрене бастадым. Қашқанды қуып жетуге әбден машықтанған ересек тазыларды күшік кезінде аңға баулимыз. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Мұның бірнеше әдісі бар. Соның бірі – ауызданған, тағымен жолы түйісіп үлгерген тазыларға ілестіріп шығу. Олар күшіктерге бәрін үйретеді. Ізге түсу, қоянды дұрыс алу, қандай жерлермен қуалап, бұрылыстарда бағыттан жаңылмау – түгел дерлік көрсетеді. Түлкілер құбырларда жатады, ал тәжірибелі тазылар іннен бастап, осындай жерлердің барлығын сүзіп шығады.

Құмай тазыны баптаған

— Тазымен аңға шығудың қыр-сыры мен тоқталсаныз…

— Аңшылық маусымы кезінде тазы ертіп шығып, борсық пен елік алып, қанжығаны майлауға болады. Түлкілер қарға бір аунаған соң түлеп, теріленіп, әп-әдемі болып шығады. Алғаш қар жауғаннан кейін аңшылар көбінесе түлкі іздейді. Тазы – әмбебап. Өзі жүректі әрі жүйрік. Інге кіргізбейміз, даладағы аң ғана тазыныкі. Мылтықтан гөрі тазымен аң алғанның әсері бөлек. Күнделікті аңшылық алдында тазының жылы орында ұйықтауы маңызды. Сонда ғана аңшылық кезінде күні бойы тоңбай, суыққа шыдас береді. Аңшы ит болған соң негізгі қорегі – ет. Қансонар алдында осы жағына басымдық беріп, сорпа да ішкіземіз. Ал, жарыс уақыты таяғанда жеңіл тамақпен талғажау еткізген жөн. Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Шығыста шашақ құлақтыны көбірек ұстайды. Себебі, аязға төтеп бере алады. Ал, жарғақ құлақты тазы тек жылы жаққа бейім, жүні тақыр. Олар көбінесе Ақтөбе, Орал, Атырау жақта бар, көнеден келе жатқан тұқым. Итке ат қойғанда да ырымдаймыз. Құстай ұшсын деп «Лашын», «Желқанат», «Құйын», түр-сипатына қарап «Шағала», «Көкқасқа» дейміз.

Құмай тазыны баптаған

— Енді әңгіме ауанын ит жүгіртуге бұрсақ. Жарыста ең жылдам тазыны қалай анықтайды ?

-Күз бен қыс айларында аңшылық маусымы болса, көктем мен жазда тазылар жарысы өткізіліп тұрады. Ең жылдам тазыны анықтағанда – мотоцикл немесе көліктің артына шырға ретінде түлкінің терісін байлап тартады. Белгі берілген соң аңқұмар тазылар арындап алға ұмтылады. Тазыларды күшік кезінен қоян мен түлкі терісін нысана қылып тартып, соны тістетіп дайындайды.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Енді осымен тоқтап қалмай, тазы баптауды дамыта бергім келеді. Тазы асырау табыс көзі емес, бабалар аманаты. Соғыс жылдарында тұтас бір ауылды аштықтан аман алып қалған бітімі бөлек жануардан айырылып алсақ, бізге сын.

Қымбат Тасымова, аудандық тарихи – өлкетану музейінің қызметкері.