«СЕНІМ» – ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛҒАНДАРДЫҢ СҮЙЕНІШІ

Қоғамның берекесі – отбасының тыныштығынан басталады. Дегенмен өмірдің түрлі сынағына тап болып, қолдауға мұқтаж жандар да кездеседі. Осындай азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуді мақсат еткен аудандық «Сенім» отбасын қолдау орталығы 2024 жылдың тамыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып жатқан жұмыстары туралы оның директоры Райхан Рахимовамен  әңгімелескен едік.

– Райхан Әлімқызы, ең алдымен «Сенім» отбасын қолдау орталығының негізгі мақсаты мен қызметіне тоқталып өтсеңіз?

– Орталығымыздың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Әрине, әр отбасы берекелі болса, мұндай орталықтың қажеті де болмас еді. Алайда түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Осындай кезде біз құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіп, азаматтардың мәселесін шешуге атсалысамыз.

– Орталық жұмысына қандай мекемелер қолдау көрсетеді?

– Біздің жұмысымыз ауданның құзырлы мемлекеттік органдарымен, білім беру ұйымдарымен, ардагерлер кеңесімен және басқа да мекемелермен тығыз байланыста жүзеге асады. Сонымен қатар өмірлік тәжірибесі мол азаматтар да ақыл-кеңестерін айтып, отбасыларға рухани қолдау көрсетіп келеді. Мұндай өзара ынтымақтастық көптеген мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

– Орталық ашылғаннан бері қандай жұмыстар атқарылды?

– Орталық ашылғалы бері түрлі мәселемен 234 азамат жүгініп, қажетті көмегімізді алды. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды дәріптеу, балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллингтің және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында 30 ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді. Бұдан бөлек, қиын жағдайдағы отбасылармен тұрақты жұмыстар жүргізіліп, тиісті мекемелермен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып тұрады.

– Алдағы уақытта қандай бағыттарға басымдық берілмек?

– Алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарымызды жалғастырамыз. Халықтың сеніміне ие болып, қиындыққа тап болған әрбір азаматқа қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз.

Бақыт ИМАШЕВ