ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ БОЛҒАН ЕҢБЕК

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тірегі, ал оның дамуы тынымсыз еңбек пен табанды тірліктің нәтижесі. Кеңес Одағы кезеңінде 1988 жылдан бастап қараша айының соңғы жексенбісінде аталып өткен ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1998 жылдан бері қараша айының үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде тойланып келеді. Биыл бұл мереке 15 қарашаға сәйкес келіп отыр.

Кәсіби мереке қарсаңында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинмен сұхбаттасып, ауданның аграрлық саласында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелерге тоқталып, ел ырысын еселеуге үлес қосып жүрген шаруа адамдарының еңбегін саралауды жөн көрдік.

– Тимур Есенұлы, ең алдымен, кәсіби мереке қарсаңында ауыл шаруашылығы саласында жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп, дала төсінде маңдай терін төгіп жүрген барша азаматтарға айтар лебізіңіз.

– Барша ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін, еңбек ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті болып, шаруашылықтарыңыз өркендей берсін. Ел ырысын еселеу жолындағы еңбектеріңіз әрдайым бағаланып, береке-бірлігіміз арта берсін!

– Әңгімені ауданның ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Қазіргі таңда өңірдегі шаруашылықтардың жай-күйі қалай?

– Ауданымыз ауыл шаруашылығы бағытында өзіндік орны бар өңірлердің бірі. Қазіргі таңда аудан көлемінде 190 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Оның 104-і егін шаруашылығымен, 86-сы мал шаруашылығымен айналысады. Сонымен қатар 816 жеке кәсіпкер, 16 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және 108 заңды тұлға тіркелген. Бұл көрсеткіштер аудан экономикасындағы аграрлық саланың өзіндік үлесі мен маңызын айқындайды.

 

– Биылғы егін орағы қалай аяқталды? Диқандар қандай нәтижеге қол жеткізді?

– Биыл республика және облыс көлемінде егіннен мол өнім алынып, диқандар үшін берекелі жыл болды. Біздің аудан да осы жетістіктер қатарынан көрінді. 2026 жыл ауданымыздың аграрлық саласы үшін нәтижелі кезеңдердің бірі болды. Жалпы егістік алқабы 155,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде 108,6 мың гектарға дәнді дақылдар, 21,4 мың гектарға майлы дақылдар, 23,8 мың гектарға мал азығы дақылдары егілді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапқа картоп, 0,5 мың гектарға көкөніс-бақша дақылдары орналастырылды. Егін жинау науқаны барысында 108,6 мың гектар дәнді дақыл алқабы толық жиналып, жалпы 158 815 тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрады.

– Дәнді дақылдардың жекелеген түрлері бойынша қандай көрсеткіштерге қол жеткізілді?

– Дәнді дақылдардың ішінде бидайдан 99 331 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрады. Ал арпадан 54 788 тонна өнім алынып, әр гектардың түсімі 16 центнерден айналды.

– Картоп пен майлы дақылдарды жинау науқанының нәтижесі қандай болды?

– Биыл картоп өсірушілер де жақсы көрсеткішке қол жеткізді. 1 350 гектар алқаптан 25 800 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік гектарына 191 центнерден келді. Майлы дақылдар бойынша 21 582 тонна өнім алынып, әр гектардың орташа түсімі 9,2 центнерді құрады.

Қандай дақыл болмасын, оның әрбір тоннасының артында диқандардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр. Сондықтан бұл жетістіктер – дала еңбеккерлерінің ортақ табысы.

– Биылғы жиын-терім науқаны аяқталды. Ендігі кезекте келер жылдың өніміне дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Келесі жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстары қазірден басталды. Аудан бойынша бүгінгі таңда 8 714 тонна тұқым құйылды. Оның 7 467 тоннасы «ҚазАгроЭкспертиза» АҚ-ның сараптамасына жіберілді. Тұқым қорының құрамында 5 157 тонна бидай, 1 600 тонна арпа, 741 тонна тары, 560 тонна зығыр, 160 тонна ноқат және 21 тонна судан шөбі бар. Бұл – алдағы егіс науқанына жасалған маңызды дайындықтың бірі.

– Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуы тек сандық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның артында жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп жүрген адамдар тұр. Сала маманы ретінде олардың еңбегіне қандай баға берер едіңіз?

– Әрине, ауыл шаруашылығы – тек маусымдық жұмыстармен шектелмейтін, жыл бойы үздіксіз еңбекті қажет ететін жауапты сала. Оның әрбір жетістігінің артында шаруа қожалықтарының басшылары мен жұмысшылары, механизаторлар, малшылар, агрономдар және басқа да көптеген мамандардың қажырлы еңбегі жатыр. Дала төсінде егін өсіріп, мал бағып, елдің азық-түлік қорын молайтуға үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әрқайсысының атқарып жүрген жұмысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Осы орайда кәсіби мереке қарсаңында аграрлық салада еңбек етіп жүрген барша азаматтарға, сала ардагерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Ерен еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы – табандылық пен төзімділікті, жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін сала. Сондықтан жердің қадірін біліп, малдың бабын жасап, ел ырысын еселеуге үлес қосып жүрген ауыл еңбеккерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Берекелі тірліктің бастауы болған еңбек адамдарының мерейі үстем, еңбегі жемісті болсын!

 Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ