МЕЙІРІМ МЕН ҚАМҚОРЛЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН ЖАН

Адам өміріндегі ең ізгі қасиеттердің бірі – мейірімділік пен жанашырлық. Әсіресе, өмірдің түрлі сынағына тап болған қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, күнделікті тұрмысын жеңілдету – үлкен жүрек пен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Осындай маңызды міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – үйде әлеуметтік көмек көрсету саласының маманы – Қалима Кужакова.

Ол 1967 жылы 9 шілдеде Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының Бадамша ауылында дүниеге келген. 1973–1982 жылдары ауылдағы орта мектепте білім алып, кейін №3 кәсіптік-техникалық училищеде оқыған. Еңбек жолын 1985 жылы Қарғалы сауда бөлімшесінде аспаз болып бастап, 1987 жылға дейін осы қызметті атқарды. Одан кейін «Кимперсайский» кеңшарында, «Водолей» шаруа қожалығында және Бадамша май зауытында түрлі жұмыстарды орындап, еңбек тәжірибесін жинақтады. Білімін жетілдіруге де баса мән берген ол 2004–2010 жылдары Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Ақпараттық жүйелер факультетінде жоғары білім алды. Ал 2009 жылдан бері үйде әлеуметтік көмек көрсету саласында еңбек етіп келемін.

Әлеуметтік қызметкердің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның жауапкершілігі зор. Қамқорлыққа мұқтаж адамдардың күнделікті тіршілігін ұйымдастыру, қажеттіліктерін өтеу, денсаулығына көңіл бөлу және көңіліне демеу болу – мұның бәрі төзімділік пен шынайы жанашырлықты қажет етеді.

Бүгінде Қалима Кужакованың қамқорлығында жеті әлеуметтік қызмет алушы бар. Олардың қатарында қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар кездеседі. Әрқайсысының өмірлік жағдайы мен қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, оларға көрсетілетін көмектің де өзіндік ерекшелігі бар.

Күнделікті қызмет барысында маман азық-түлік, дәрі-дәрмек және тұрмысқа қажетті заттарды жеткізуге, үй жинау мен ас әзірлеуге көмектеседі. Дәрігер тағайындаған ем-домның уақытылы орындалуына назар аударып, қажет болған жағдайда медициналық мамандарды шақыртуға немесе емханаға бірге баруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерді төлеу, қажетті құжаттарды рәсімдеу, жәрдемақы алуға қатысты мәселелерді шешу және жұмсалған қаражат бойынша түбіртектерді ұсыну секілді міндеттерді де атқарады. Дегенмен, бұл мамандықтың ең маңызды қыры – адамға рухани қолдау көрсету.

Жылдар бойғы адал қызметі елеусіз қалған жоқ. Кейіпкеріміз әр кезеңде аудан және ауылдық округ әкімдерінен, сондай-ақ Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының алғыс хаттарымен марапатталған. Жақында ол облыстық «Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» байқауында Қарғалы ауданының атынан қатысып, кәсіби біліктілігін көрсетуге мүмкіндік алды.

-Біздің жұмысымыз – тек міндеттерді орындау емес. Бұл – өзгенің тағдырына бейжай қарамай, шын жүректен қолдау білдіру,– дейді ол.

Шынында да, әлеуметтік қызметкердің еңбегін тек орындалған жұмыстың көлемімен өлшеу мүмкін емес. Оның нәтижесі – қамқорлық көрген жанның көңіліндегі тыныштық, жүзіндегі күлкі мен шынайы алғыс. Осындай сәттер адамға еңбегінің зая кетпегенін сездіріп, алдағы күндерге күш-қуат береді.

Бақыт ИМАШЕВ