ЖАНАШЫРЛЫҚ ПЕН МЕЙІРІМ ИЕЛЕРІ

Адамға қол ұшын созу, қиындыққа тап болған жанға демеу болу, тағдырдың талай сынынан өткен жандарға үміт сыйлау – үлкен жауапкершілікті талап ететін игі іс. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі кәсіби біліктілікпен қатар, жанашырлықты, мейірімділік пен адамгершілікті қажет етеді.
Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 2011 жылдан бері қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтіп келеді. Осы мереке қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижановамен сұхбаттасып, салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік.
– Айгүл Оралбекқызы, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, жалпы, әлеуметтік саладағы жұмыс барысына тоқталып өтсеңіз?
– Рақмет! Аты айтып тұрғандай, біздің бөлімнің негізгі міндеті – халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, қиын жағдайға тап болған азаматтардың аяққа тұруына жәрдемдесу. Осы бағытта мемлекет белгілеген міндеттер мен бағдарламаларға сәйкес жұмыс жүргізіп келеміз. Әлеуметтік сала көптеген бағытты қамтиды. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға тиісті көмекті уақытылы көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету және қолдауға мұқтаж жандардың мәселелерін шешуге атсалысу.
– Ауданымызда әлеуметтік қолдау шаралары қалай жүзеге асырылуда?
– Бөлімнің жұмысы бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда мекемеде 8 қызметкер еңбек етеді. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында директор мен кеңес берушіні қоса алғанда 21 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 18-і – әлеуметтік қызметкер. Сонымен қатар, «Сенім» отбасын қолдау орталығында 5 маман қызмет атқарады.
Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, құрамында 129 адам бар, кедейлік шегінен төмен табысы бар 26 аз қамтылған отбасына жалпы сомасы 9 127,8 мың теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына жататын 130 адамға жалпы сомасы 28 989,4 мың теңге болатын біржолғы қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, үй жағдайында күтім көрсетілетін 6 балаға, сондай-ақ жалғыз тұратын 91 қарт адам мен мүгедектігі бар азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда.
– Осы орайда, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтер жайында не айтасыз?
– 2026 жылғы мәлімет бойынша, ауданымызда 506 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде I топта – 41, II топта – 193, III топта – 214 адам бар. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі 58 мүгедектігі бар бала есепте тұр. Берілген мәліметке сәйкес, олардың 7-еуі I топқа, 17-сі II топқа, 26-сы III топқа жатады. Бұдан бөлек, 0–7 жас аралығындағы 8 бала бар. Бүгінде жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 434 мүгедектігі бар азаматқа мемлекеттік қызметтер көрсетілді. Бұл жалпы көрсеткіштің 92,4 пайызын құрайды. Атап айтқанда, 155 адам гигиеналық құралдармен, 35 адам тифлотехникалық құралдармен, 16 адам сурдотехникалық құралдармен, 99 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 9 адам арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 17 азаматқа жеке көмекші қызметі, 16 адамға ымдау тілі маманының қызметі ұсынылды. Санаторийлік-курорттық емделу бойынша 87 адамға жолдама рәсімделіп, оның ішінде 63 адам ем қабылдап қайтты. Жыл соңына дейін 565 мүгедектігі бар азаматты мемлекеттік қызметтермен толық қамту жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз – тұрғындардың қажеттіліктеріне сәйкес әлеуметтік қолдауды уақытылы әрі сапалы ұйымдастыру.
– Алдағы уақытта қандай әлеуметтік көмек шаралары қарастырылған?
– Жергілікті өкілді органдардың шешімдеріне сәйкес, 25 қазан – Республика күніне орай 413 мүгедектігі бар азаматқа және 58 мүгедектігі бар балаға жалпы сомасы 29 743,0 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу көзделген. Мұндай қолдау шаралары азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және отбасылардың тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Біздің міндетіміз – көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға үлес қосу.
– Әлеуметтік салада еңбек ететін мамандарға қандай талаптар қойылады?
– Бұл салада еңбек ету үшін кәсіби біліктілікпен қатар, адамға деген жанашырлық, мейірімділік пен жауапкершілік қажет. Себебі әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, отбасының жағдайы тұрады. Сондықтан тұрғындардың мұң-мұқтажын түсініп, оларға қолдау көрсету – біздің ортақ міндетіміз. Әлеуметтік қызметкерлер күнделікті жұмыс барысында көмекке мұқтаж жандармен тығыз байланыста болады. Олардың еңбегі кейде көзге көріне бермегенімен, қоғам үшін маңызы зор. Әрбір көрсетілген көмек пен жасалған қамқорлық азаматтардың өмірін жеңілдетуге ықпал етеді.
– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?
– Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Халықтың алғысына бөленіп, абыройларыңыз арта берсін. Жасаған игі істеріңіз әрдайым өз жемісін берсін!
Қорыта айтқанда, әлеуметтік сала қызметкерлерінің басты міндеті – халыққа қолдау көрсету, мұқтаж жандарға көмек беру және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосу. Әрбір адамға жанашырлық танытып, қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созу – ортақ міндетіміз. Өйткені адамға жасалған қамқорлық пен көрсетілген көмек – қоғамның ізгілігі мен адамгершілігінің айқын көрінісі.
Бақыт ИМАШЕВ




