«ЖАСЫЛ ЕЛ»: ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК, ЕЛГЕ ИГІЛІК

Жаз – жастар үшін тек демалып, уақыт өткізетін кезең емес. Бұл – еңбекке араласып, жаңа тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндігін сынап көруге таптырмас уақыт. Әсіресе туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген жастардың еңбегі көпке үлТуған жердің көркеюі – ортақ міндет. Ал осы іске жастық жігерімен үлес қосу – азаматтық белсенділіктің бір көрінісі. Ауданымызда осы бағытта жастарды еңбекке тартып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Сол игі бастамалардың бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары. Жоба аясында аудан жастары уақытша жұмыспен қамтылып қана қоймай, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы туған өлкенің ажарын арттыруға өз үлестерін қосып келеді. Жасыл ел жасампаз жастардың басын біріктірген мекен.
Жобаның жастарға берер мүмкіндігі, олардың еңбекке деген қызығушылығы және алдағы жоспарлар жөнінде аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанмен әңгімелескен едік.
– Ең алдымен «Жасыл ел» жобасының ауданымыздағы биылғы жұмысына тоқталсаңыз. Жоба аясында қанша жас еңбекпен қамтылып отыр?
– «Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі. Биыл да ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде қолға алынды. Биыл бұған дейін кезең кезеңімен 37 жас «Жасыл ел» бағдарламасы аясында еңбек етуде. Жастар өлкеміздің тазалығын сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысып жүр. Біздің мақсатымыз – жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бойында еңбекке деген жауапкершілік пен туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыру.
– Жастардың атқарып жатқан негізгі жұмыстары қандай?
– Жастар елді мекендердегі тазалық жұмыстарына, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, көгалдандыруға және қоршаған ортаны күтіп ұстауға атсалысады. Яғни олардың еңбегі күнделікті көзге көрінетін нақты нәтижелермен сабақтас. Таза әрі көрікті орта қалыптастыруға өз қолымен үлес қосу – жас адам үшін үлкен тәрбие. Еңбектің нәтижесін көрген сайын оның туған жерге деген жауапкершілігі де арта түседі.
– Жастарды жұмыспен қамту қалай ұйымдастырылған?
– Бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жастарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру мақсатында 4 мердігермен келісімшарт жасалды. Бұл еңбек жасақтарының жұмысын тиімді ұйымдастыруға және жастарды уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр.
– «Жасыл елге» жастардың қызығушылығы қандай?
– Жастардың арасында еңбек етуге, уақытын тиімді пайдалануға ниетті азаматтар бар. Әсіресе жазғы кезеңде жастар үшін мұндай жұмыс – тәжірибе жинақтауға, еңбек ұжымында жұмыс істеуге, жауапкершілік алуға жақсы мүмкіндік. Біз әр жастың еңбегін бағалауға тырысамыз. Себебі еңбекке ерте араласқан жас уақыттың қадірін түсініп, өзіне жүктелген міндетті орындауға үйренеді.
– «Жасыл ел» сарбаздары қоғамдық акцияларға да белсенді қатысып жүр екен. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Иә, жастар тек еңбек жасақтарының күнделікті жұмысына ғана емес, аудан көлеміндегі қоғамдық маңызы бар іс-шараларға да белсенді қатысады. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» және «Ардагерлерді ардақтайық» акциялары аясындағы жұмыстарға атсалысты. Мұндай бастамалардың жастар тәрбиесінде орны ерекше. Бір жағынан қоршаған ортаны қорғауға үлес қосса, екінші жағынан үлкенге құрмет көрсету, қоғамдық жауапкершілік сияқты құндылықтарды бойына сіңіреді.
– Жастардың тек еңбек етіп қана қоймай, бір-бірімен араласуына, демалуына да жағдай жасалып жатыр ма?
– Әрине. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да біздің назарымызда. Осы мақсатта «Жасыл ел» сарбаздары үшін тимбилдинг форматында арнайы демалыс іс-шарасын өткіздік. Шара барысында жастар түрлі командалық ойындарға қатысып, бір-бірімен жақынырақ танысып, еркін қарым-қатынас орнатты. Мұндай басқосулар жастардың ұйымшылдығын арттырып, ортақ мақсатқа бірлесе жұмыс істеуіне ықпал етеді.
– Сіздіңше, «Жасыл елдің» жастарға беретін ең үлкен мүмкіндігі қандай?
– Меніңше, ең бастысы – еңбекке үйретуі. Жас адам өз еңбегімен белгілі бір нәтижеге қол жеткізген кезде оның өзіне деген сенімі де артады. Сонымен қатар бұл жоба жастарға қоғамдық ортаға араласуға, жаңа адамдармен танысуға, жауапкершілік алуға мүмкіндік береді. Бүгін қолына күрек алып, туған ауылының тазалығына үлес қосқан жас ертең елдің дамуына өз білімі мен кәсіби еңбегі арқылы үлес қосатын азамат болады.
– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
– Негізгі мақсатымыз – жастарды жұмыспен қамту аясын кеңейтіп, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру. «Жасыл ел» қатарына тартылатын жастар санын 50 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың бастамаларын қолдауға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Себебі жастарға мүмкіндік берілсе, олар өздерінің белсенділігі мен еңбегін нақты іспен көрсете алады.
-Соңғы сауал «Жасыл елге» қатысып жүрген жастарға айтарыңыз?
– Жастарға айтарым – еңбектен қашпау керек. Қандай жұмыс болса да, оны адал әрі жауапкершілікпен атқару адамның өмірлік тәжірибесін қалыптастырады. «Жасыл ел» – жай ғана уақытша жұмыс емес. Бұл – еңбекке тәрбиелейтін, жауапкершілікке баулитын, туған жерге қызмет етудің қарапайым жолдарын көрсететін мектеп. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тәжірибе жинап, қоғамдық ортада белсенді болуға шақырамын.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА




