МЕЙІРІМНЕН БАСТАЛҒАН МЕКТЕП ЖОЛЫ

Жаңа оқу жылы – бала өміріндегі жауапты кезеңнің бірі. Мектеп табалдырығын қайта аттап, білім әлеміне қадам басқан әр оқушының оқу жылына тыңғылықты дайындалып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі маңызды. Осы ретте әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға жәрдем көрсетіп, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау – қоғамдағы ортақ жауапкершіліктің көрінісі.

Елімізде игі дәстүрге айналған республикалық «Мектепке жол» акциясы 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бастаманың негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға қолдау көрсету.

Бұл қайырымдылық бастамадан ауданымыздағы «Ас-Самиғ» мешіті де шет қалған емес. Осы орайда аудан азаматтары мен жомарт жандардың демеушілігі арқасында 15 балаға жаңа оқу жылына қажетті мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталды.

Ізгі шара барысында мешіттің бас имамы Нұрлан Қырықбаев балаларға ақжолтай тілегін арнады. Ол жас өрендерге жаңа оқу жылын амандықпен бастап, дендерінің сау, білімге деген құштарлықтарының биік болуын тіледі. Сонымен қатар сабақты жақсы оқып, озат атанып, ата-аналарының үміті мен сенімін ақтауға шақырды.

Балалардың жүзіндегі қуаныш – жасалған жақсылықтың ең үлкен нәтижесі. Көмекке ие болған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары демеушілерге ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын арнады.

– Балаларымыздың жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтылып, қуанып отырғанын көру – біз үшін үлкен қуаныш. Осындай сауапты іске атсалысып, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Алла разы болсын! – деген ата-аналар ақ тілектерін жеткізді.

Қайырымдылық – қайтарым күтпейтін ізгілік. Бір баланың көңіліне қуаныш сыйлап, оның білім алуына жасалған әрбір қолдау – ел болашағына қосылған үлес.

Бақыт ИМАШЕВ