ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖОЛ АШҚАН КІТАПХАНА

Аудандық балалар кітапханасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған «Мейірімді кітапхана» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны кітапхана меңгерушісі Жанна Мусина жүргізіп келеді.

Бастаманың негізгі мақсаты – балаларға қолдау көрсету, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және қоғамдық ортаға белсенді араласуына мүмкіндік жасау.

Жоба аясында кітапханада «Жүректен жүрекке» атты мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, әлеуметтік сала мамандары, кітапхана қызметкерлері мен қамқорлық танытып жүрген азаматтар қатысты.

   

Кездесуді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Жаннат Түлкібаева ашып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Ол кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтіп, қиялын дамытумен қатар, бойына ізгілік пен білімге деген құштарлық қалыптастыратынын атап өтті. Балаларды кітапханамен тығыз байланыс орнатып, кітаппен дос болуға шақырды.

Сондай-ақ, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Жайна Спан ерекше балалардың шығармашылық мүмкіндіктеріне тоқталып, олардың қабілетін ашуға қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын айтты. Ал әлеуметтік қызметкер Любовь Бузулуцкая тәрбиеленушілерінің қызығушылықтары мен жетістіктері жөнінде әңгімелеп, тұрақты қолдаудың балалардың шығармашылықпен айналысуына және ортаға белсенді араласуына оң ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында ерекше балалардың шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеден олардың қиялы мен ізденісін, ұқыптылығы мен еңбегін аңғаруға болады. Балалар кітапханасы ұйымдастыратын шығармашылық байқауларға тұрақты қатысып, өз өнерлерін шыңдап келеді.

Іс-шараның тағы бір мазмұнды бөлігі – кітапхана оқырманы Камила Бисимбаеваның «Дарын қалай ашылады?» атты шеберлік сағаты. Қолөнермен айналысатын жас шебер қатысушыларға гипстен сәндік бұйымдар жасаудың қыр-сырын көрсетіп, шығармашылық жұмысқа баулыды. Шеберлік сағатына қатысушылар өз қиялдарына ерік беріп, дайын бұйымдарды түрлі түске бояп, өз қолдарымен жасаған жұмыстарын естелікке алды.

Басқосуда кітапхана жас оқырмандарының қатысуымен музыкалық және би бағдарламасы ұсынылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар «Кітап – бар жеңістің бастауы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, білім, кітап оқу және жетістікке жету жолдары туралы әдебиеттер таныстырылды.

Осылайша, «Жүректен жүрекке» кездесуі мейірімділік пен қамқорлықтың, өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындаған тағылымды шара болды.

Айта кетейік, жоба аясында аудандық балалар кітапханасында кітап пен шығармашылықты, білім мен ізгілікті сабақтастыратын мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба бермек.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерКездесу