ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫ ЖОСПАРЛЫ ӘЗІРЛЕНУДЕ

Жаз мезгілі – ауыл еңбеккерлері үшін тынымсыз тіршіліктің қызатын шағы. Осы кезеңде қысқы мал азығын жеткілікті көлемде әзірлеу – алдағы қысты алаңсыз өткерудің басты кепілі. Сондықтан шөп шабу науқанының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі ерекше маңызға ие.

Осыған орай аудандағы шөп дайындау жұмыстарының барысын білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинмен тілдескен едік.

–Тимур Есенұлы, ауданымыздағы мал азығын дайындау жұмыстарының қазіргі барысы қандай?

– Иә, шөп шабу жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде. Қажетті техникалар толық әзірленген, тәжірибелі мамандар жеткілікті. Биыл шабындықтың шығымы да көңіл қуантады. Сондықтан табиғат қолайлы болып, ауа райы ашық болса, мал азығын межеленген көлемде дайындап, қысқа тыңғылықты әзірленеміз деген сеніміміз мол.

Биыл аудан шаруашылықтарының малын қыстан қысылмай алып шығу үшін барлығы 55 мың 391 тонна шөп дайындалып, қыстақтарға жеткізілуі тиіс. Қазіргі таңда аудан бойынша 28 шөп шабу бригадасы жұмысқа кірісті.

Науқанға барлығы 645 техника жұмылдырылған. Оның ішінде 177 трактор, 149 тіркеме, 121 шөп шабатын косилка, 75 шөп тайлайтын пресс-қондырғысы және 223 тырма жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, аудандағы 12 мың 143 гектар шабындық алқапта жұмыс қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 7 мың 527 тонна шөп шабылып, бұл жоспарланған көлемнің 52 пайызына жетті. Оның 3 мың 989 тоннасы қыстақтарға тасымалданса, 3 мың 537 тоннасы тұрғындарға жеткізіліп, халықты жоспарлы қамтудың 13 пайызын құрап отыр. Сонымен қатар ауылдық округтердегі жеке аулаларға 2 мың 418 тонна шөп жеткізілген.

Жалпы, ауа райы қолайлы болса, бір айдың ішінде шөп шабу науқанын толық аяқтап, егін орағына дайындық жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Қысқы мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеу – әрбір шаруашылық үшін маңызды міндет. Еңбеккерлердің ұйымшылдығы мен жауапкершілігінің арқасында биылғы науқан да межелі мерзімде аяқталып, аудан тұрғындарының мал азығына деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі деген сенім бар.

Бақыт ИМАШЕВ