ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОЛЫНДА – ЖАСТАР

Көпшіліктің игілігі үшін қызмет ету, азаматтық жауапкершілікті сезіну және қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру – жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта ауданымызда еріктілер қозғалысын қолдауға және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Соның бір айғағы – «Мейірімді мекен» жобасы аясында Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Желтау» демалыс орталығында ұйымдастырылған жас волонтерлердің тимбилдингі.

Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шараға ауданның 60-қа жуық еріктісі қатысып, тәжірибе алмасып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік алды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевпен өткен еркін форматтағы кездесу болды. Ашық диалог барысында жастар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстары мен бастамаларын жеткізді. Мұндай кездесулер жастардың пікіріне құлақ асып, олардың қоғамдық белсенділігін қолдауға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жас буын арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Шара аясында қатысушылар үшін мазмұнды демалыс ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама ұсынылып, топтық ойындар мен спорттық сайыстар өткізілді. Белсенділік танытып, үздік нәтиже көрсеткен жастар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, арнайы әзірленген дастарқан мен тәтті тағамдар еркін пікір алмасуға, жылы қарым-қатынастың қалыптасуына ерекше әсер етті.

Бір күнге созылған тимбилдинг жастардың ұйымшылдығын арттырып қана қоймай, жаңа достық байланыстардың орнауына, тәжірибе бөлісуіне және ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуіне серпін берді. Еріктілік қызметтің мәнін тереңірек түсінген қатысушылар қоғам игілігіне үлес қосуға деген ынта-жігерін одан әрі нығайта түсті.

Еріктілік – жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған жастар – елдің ертеңгі тірегі.

Жұлдыз КЕНЖЕ