ШАЛҒАЙ АУЫЛДАРҒА САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Халық денсаулығын сақтау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Осы мақсатта аудандық аурухананың жылжымалы медициналық кешені жыл сайын  елді мекендерді аралап, тұрғындарға кәсіби дәрігерлік көмек көрсетіп келеді.

Көшпелі медициналық қызметтің жұмысы жөнінде аудандық аурухананың медициналық көмектің сапасын бақылау бойынша басшының орынбасары міндетін атқарушының Гүлжанат Құспановамен тілдескен едік.

Маманның айтуынша, жылжымалы медициналық кешен 2020 жылдан бері тұрақты түрде шалғай ауылдарға шығып, тұрғындарды қабылдап келеді. Осы уақыт аралығында орта есеппен жыл сайын 1500-ден астам адамға медициналық қызмет көрсетіліп, алты жылдың ішінде 9 мыңға жуық тұрғын дәрігерлердің қабылдауынан өткен.

Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында кешен Петропавл, Шәмші Қалдаяқов, Қосестек, Ащылысай, Әлімбет және Степной ауылдарына барып, жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар көршілес Хромтау ауданының Никельтау, Дөң, Сарысай, Тассай және Бөгетсай ауылдарының тұрғындары да білікті мамандардың қабылдауына мүмкіндік алды.

Жыл басынан бері көшпелі медициналық кешеннің көмегіне 1773 тұрғын жүгініп, оның ішінде 33 бала толық тексерістен өтті.

Көшпелі құрамда педиатр, невролог, кардиолог, офтальмолог, хирург, акушер-гинеколог және өзге де салалық дәрігерлер жұмыс істеп, әрбір азаматқа қажетті кеңес берді. Сонымен бірге зертханалық және диагностикалық тексерулер жүргізіліп, қан талдауы мен электрокардиографиялық зерттеулер жасалды. Бұл бірқатар ауруларды ерте анықтап, науқастарды диспансерлік бақылауға алып, дер кезінде емдеу мен алдын алу шараларын ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Ауыл тұрғындары дәрігерлердің еңбегіне ерекше ризашылықтарын білдіруде. Қосестек ауылының тұрғындары – 74 жастағы зейнеткер Любовь Темник пен 46 жастағы Дильбар Баймұратова, сондай-ақ Ащылысай ауылының 78 жастағы тұрғыны Лариса Полубабкина көрсетілген медициналық көмектің сапасына жоғары баға беріп, ақ халатты абзал жандарға ақ тілектерін жеткізген.

Шалғай ауылдарға бағытталған мұндай игі бастама тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға зор үлес қосуда.

Тілек БЕГАЙДАРОВ