ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНБЫЗ

Жылыту маусымына дайындық – коммуналдық саладағы ең жауапты кезеңдердің бірі. Қысқы маусымда тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осыған орай «Бадамша-Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының басшысы Санат Атеевпен сұхбаттасып, дайындық барысы, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы әңгімелестік.

– Санат Тұрсынұлы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жайында айтып өтсеңіз?

– Қысқа дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда барлық қазандықтардың ішкі бөліктері толық тазартылып, қажетті жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ сыртқы сырлау, ғимараттарды әктеу және мекеме аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мақсатымыз – жылыту маусымын еш кедергісіз бастап, халыққа сапалы қызмет көрсету.

Бүгінде кәсіпорын қандай нысандарға қызмет көрсетеді және қызметкерлер мен материалдық-техникалық базалар жайында не айтасыз?

– Мекемеде 59 қызметкер еңбек етеді. Иелігімізде екі трактор-экскаватор, бір «Соболь» автокөлігі, екі ассенизатор автокөлігі және күнделікті жұмысқа пайдаланылатын төрт жеңіл көлік бар. Биыл аудан әкімдігінің қолдауымен бір «Соболь» және екі ассенизатор көлігі сатып алынды. Қазіргі таңда Бадамша ауылындағы жеті және Степной ауылындағы екі қазандық арқылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Сонымен қатар Бадамша ауылындағы 852 абонент, 28 мекеме, бес әлеуметтік нысан және Степной ауылындағы мекеме мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұдан бөлек, алты су айдау стансасы Бадамшада, он станса ауылдық елді мекендерде халыққа қызмет көрсетеді.

– Осындай халық үшін жасалып жатырған шаруаны жүргізуде қандай қиындықтар мен мәселелер бар?

– Коммуналдық қызметті үздіксіз қамтамасыз ету үлкен қаржыны талап етеді. Жыл сайын шамамен 2200 текше метр газ тұтынылады. Өкінішке қарай, тұрғындардың берешегі әлі де бар. Қазіргі таңда ауыз су үшін – 1 миллион 200 мың теңге, ал жылу қызметі бойынша – 2 миллион 160 мың теңге қарыз қалыптасқан. Бұл мекеменің тұрақты жұмысына әсер етеді.

Олай болса, аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз?

– Алдағы қыс мезгілін алаңсыз өткізу үшін біз барлық қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өз кезегінде тұрғындардан коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеуді сұраймыз. Бұл – көрсетілетін қызметтің сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты.

-Рахмет!

Сұқбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ