ШАРУАҒА СЕРПІН БЕРГЕН ТАҒАБЕРГЕН

Ауданның ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген шаруашылықтар аз емес. Солардың бірі – Қосестек ауылдық округіндегі іргелі құрылымдардың қатарынан орын алған «Қуаныш» шаруа қожалығы.

Бүгінде қожалық егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып, өңір экономикасының нығаюына қызмет етіп келеді.

Шаруа қожалығының жетекшісі – Тағаберген Байменов. Ол бұрынғы Ленин ауданының Херсон ауылында дүниеге келген.

Балалық шағы ауыл тіршілігімен астасып, еңбекке ерте араласып өскен азамат 1975 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1985 жылы орта білімді тәмамдайды. Сол жылы инженер-құрылыс мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, оқуын сәтті аяқтайды. Кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеп келеді.

Туған жердің тыныс-тіршілігін жақсы білетін еңбекқор азамат 1998 жылы жеке шаруашылығын құрып, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағытын қолға алады. Тағаберген Дүйсенбайұлы көпсалалы шаруашылық қалыптастырып, егін және мал шаруашылығын қатар өркендетуге күш жұмсайды.

                 

Қазіргі таңда қожалықтың иелігінде 3134 гектар жер бар. Оның 1518 гектары егістік алқап болса, мұнда арпа, бидай және күнбағыс өсіріледі. Барлық жұмыстар заманауи техникалардың көмегімен жүргізіледі. Ал 1567 гектар жер жайылым ретінде пайдаланылады.

Соңғы жылдары шаруашылық асыл тұқымды ірі қара мал өсіруге ерекше көңіл бөліп келеді. 2023 жылдан бастап Әулиекөл тұқымды ірі қараны көбейтуді қолға алған қожалық бүгінде тынымсыз ізденіс пен жүйелі еңбектің нәтижесінде мал басын 229-ға жеткізді. Сонымен қатар республикадағы ірі шаруашылықтармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасып келеді. 2026 жылы қожалықтан 25 бұқашық сатылымға шығарылды.

Мал басының сапасын жақсарту бағытында селекциялық жұмыстар да тұрақты жүргізілуде. Мал тұқымын асылдандыру ісінің нәтижесінде шаруашылық жыл сайын жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Бүгінде «Қуаныш» шаруа қожалығында 35 адам тұрақты еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Бұл ауыл халқын жұмыспен қамтуға да елеулі үлес қосып отыр деген сөз.

Қожалық ұжымы өндірістік көрсеткіштермен ғана шектелмей, ауыл тұрғындарына әлеуметтік бағытта да қолдау көрсетіп келеді. Қайырымдылық пен демеушілік шараларынан шет қалмай, елдің игілігі жолында аянбай еңбек етуде.

Бір сөзбен айтқанда, қай салада болмасын табанды еңбегімен танылып жүрген «Қуаныш» шаруа қожалығы – Қосестек ауылының мақтанышына айналған ұжым. Ал оның басшысы кейіпкеріміз де еңбек пен іскерлікті ұштастырып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азамат.

Бақыт ИМАШЕВ