ҰРПАҚҚА АМАНАТ – ҚАСИЕТТІ ДОМБЫРА

Домбыра – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын, ерлігі мен елдігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра. Қос ішектен төгілген әрбір күй – ұлттық рухтың үні, ал қара домбыра – қазақтың төл болмысын айшықтайтын баға жетпес қазына.
Осыған орай аудандық кітапханада қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі, мәдениет қайраткері, Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында дүниеге келген жерлесіміз Қамбар Медетовты еске алуға арналған рухани кеш өтті.
Шара барысында күйшінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы тағылымды естеліктер айтылып, қазақтың күй өнерін дамытуға қосқан сүбелі еңбегі кеңінен насихатталды.
Кештің шымылдығын «Даналық үні» клубының мүшелері Ерғали және Алма Есенамановтар орындаған «Желбір жекен» әні ашты. Одан кейін жас күйші Дәулет Жаныс «Шаттанамын» және «Ақсақ құлан» күйлерін нақышына келтіре орындап, күй өнерінің тылсым құдіретін көпшілікке сезіндіре білді. Ал Айсана Қалмұхан «Домбыра» әнін әсерлі шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар кешке қатысушылар домбыраның шығу тарихы мен ұлттық мәдениеттегі орнына арналған танымдық викторинаға қатысып, білімдерін толықтырды. Күмбірлеген күй мен әуелеген әнге ұласқан тағылымды кездесу ұлттық өнерді ұлықтап, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Айта кетейік, Ұлттық домбыра күні Қазақстанда алғаш рет 2018 жылдың 1 шілдесінде аталып өтті. Содан бері бұл мереке ұлттық өнерді ұлықтайтын, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптейтін рухани мерекеге айналып келеді.
Бақыт ИМАШЕВ






