ЖЕРЛЕС ПОЛКОВНИК ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Өткен аптада Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ардақ Құмаров ауданымызға жұмыс сапарымен келді.
Іссапар барысында полковник Ардақ Құмаров өзі білім алған Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасына арнайы ат басын бұрды. Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым қонақтарды жылы қарсы алып, мектеп мұражайы мен оқу кабинеттерін аралатып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Одан кейін жоғары сынып оқушыларымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Басқосуға Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ардақ Құмаров, департамент бастығының орынбасары, полковник Біржан Баймұханов және Қарғалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Шаттық Борикуллаков қатысты.
Айта кетейік, жерлесіміз Ардақ Мақсоткерейұлы – осы білім ордасының 1995 жылғы түлегі. Кездесу барысында ол оқушыларға өзінің өмір жолы, білім алуы және әскери қызметтің жауапкершілігі мен маңызы туралы айтып берді. Сонымен қатар мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін еске алып, жас буынды білімге құштар болуға, ұстаз еңбегін құрметтеуге және болашаққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Полковник өз сөзінде мектеп – болашақ жетістіктің берік іргетасы екенін атап өтіп, әскери мамандықтың қыр-сыры мен бұл салаға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге көрсетіліп отырған қолдау мен жеңілдіктер туралы кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында департамент бастығының орынбасары, полковник Біржан Баймұханов та сөз алып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеудің маңызына тоқталып, әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен берілетін оқу гранттары туралы айтып өтті.
Басқосу кезінде оқушылар белсенділік танытып, қонақтарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Олар әскери мамандықты таңдаудың ерекшеліктері, әскери оқу орындарына түсу талаптары мен қызметтің мүмкіндіктері жайында сұрап, толық жауап алды.
Кездесу соңында қонақтар алғашқы әскери дайындық пәніне арналған пневматикалық қаруды мектеп ұжымына сыйға тартты.
Өз кезегінде мектеп ұжымы да қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, мектеп директоры атынан Алғыс хат пен естелік сый табыс етті.
Жастармен өткен бұл тағылымды кездесу оқушыларға үлкен рухани серпін беріп, олардың елге қызмет етуге деген жауапкершілігін арттыра түскені анық.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА








