ЖАС АНАЛАР БАҚ СЫНАДЫ

Өткен аптада Шәмші ауылдық клубы мен модельді кітапхананың ұйымдастыруымен, аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Аяулы жас ана» атты аудандық байқау өтті.

Тағылымды шараның мақсаты – жас аналардың белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, отбасы құндылықтарын дәріптеу.

Байқауға Қосестек, Петропавл және Шәмші ауылдарынан келген жас аналар қатысып, өз өнері мен білімін көпшілікке паш етті.

Сайыс бес кезеңнен тұрды. Алғашқы «Тегін білген текті ана» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, отбасы, өмірлік ұстанымдары мен ана ретіндегі жауапкершіліктері жайлы ой бөлісті. Әр ана шаңырақтағы тәрбиенің маңызын айтып, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Келесі «Өнерлі ана – өнегелі ана» кезеңінде қатысушылар шығармашылық қырларын көрсетті. Бірі ән шырқап, бірі би билеп, енді бірі түрлі өнерлерін ортаға салды. Көрермендер жас аналардың өнеріне ерекше ықылас білдіріп, жылы қошемет көрсетті.

Ал «Білікті жас ана» кезеңінде қатысушылар бала тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүр, логикалық сұрақтар мен жалпы мәдениет тақырыптарындағы сауалдарға жауап берді. Бұл кезең аналардың білім деңгейін, ой ұшқырлығын айқын көрсетті. Сондай-ақ, «Сән мен салтанат» кезеңінде қатысушылар сән үлгілерін таныстырып, сахнадағы мәдениеті мен талғамын көрсетті. Әділқазылар мен көрермендер олардың киім үлгісі мен сахнадағы өзін ұстауын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, байқау барысында қатысушылар өз қолдарымен дайындаған түрлі дәмді тағамдарын ұсынды. Әсем безендірілген дастарқан мен ұлттық тағамдар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Байқауға әділ баға берген қазылар алқасының құрамында В.И. Пацаев атындағы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дарина Байтинина, аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Самал Кенжегалиева және Шәмші Қалдаяқов атындағы модельді кітапхана меңгерушісі Жанар Нишпаева болды.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Қосестек ауылының қатысушысы Сандуған Сейілханға бұйырды. І орын Петропавл ауылының қатысушысы Виолетта Жұбатыроваға, ІІ орын Шәмші ауылының қатысушысы Елена Тәжбағанбетоваға табысталды. Ал ІІІ орынға Гүлмира Ақмурзина лайық деп танылды.

Шара соңында барлық қатысушылар аудандық Жастар ресурстық орталығының дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

«Аяулы жас ана» байқауы жас аналардың өнерін ғана емес, олардың білімін, өнегесін және қоғамдағы белсенділігін айқындаған тағылымды шара болды. Осындай игі бастамалар отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас аналардың қоғамдағы орнын нығайта түсетіні сөзсіз.

Тілек БЕГАЙДАРОВ