АНАҒА ТАҒЗЫМ, АРУҒА ҚҰРМЕТ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Армысың, ару көктем!» атты салтанатты мерекелік кеш өтті.

Аналарды ардақтап, нәзік жандылардың қоғамдағы еңбегін дәріптеуге арналған бұл шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, бөлім басшылары, ардақты аналар мен аудан тұрғындары қатысты.

Кеш шымылдығы “Ұшқын” халықтық жастар театрының ана тақырыбына арналған әсерлі қойылымымен түріліп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде өрбіген көрініс ананың мейірімі мен ұрпақ тәрбиесіндегі орнының айрықша екенін айшықтай түсті.

Мерекелік жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев құттықтау сөз сөйлеп, аналар мен аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде әйелдердің отбасы берекесінің ұйытқысы ғана емес, ел дамуына да өлшеусіз үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ нәзік жандыларға зор денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке мен мол ырыс тіледі.

Салтанатты кеш барысында түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматшалар марапат төрінен көрінді. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатымен аудандық емхананың аға медбикесі Гулжайна Искиндирова және «Рух» этноауыл демалыс базасының басшысы Айнагүл Исалиева марапатталды.

Сондай-ақ,  аудан әкімінің Алғыс хатына білім саласының ардагері Роза Мылтықбаева, «Бадамша-сервис» орталығының қазандық операторы Наталья Лящук, Қосестек метеорологиялық станциясының технигі Надежда Павлова, белсенді кәсіпкер Анар Бижанова, Ащылысай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гульгуль Суюнова, «Энергосистема» ЖШС-нің есептер және дебиторлар жөніндегі маманы Наталья Кулешова, Қарғалы газ учаскесінің менеджері Алтын Каримбаева ие болды.

Мерекелік кештің көркін аудандық балалар өнер мектебінің бүлдіршіндері орындаған хор әндері мен «Наз» халықтық би ансамблінің көркем билері аша түсті. Сондай-ақ аудан өнерпаздары әсем ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кештің ерекше тартуы  қазақстандық эстрада әншісі Қанат Үмбетовтің сахнадағы өнер көрсетуі болды. Өнер иесі көпшілікке танымал әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар ақтөбелік жас әнші Арнұр Марат та өз өнерін ұсынып, мерекелік кештің шырайын кіргізді.

Сонымен қатар, мерекелік іс – шарада аудан әкімі мен бөлім басшылары мерекеге жиналған аналар мен аруларға гүл шоқтарын табыстап, ерекше ілтипат көрсетті.

Көктеммен бірге келген бұл мереке нәзік жандыларға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналып, кешке жиналған қауымға шаттық пен шабыт сыйлады.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерМереке