МЕЙІРІМДІЛІК – ҚОҒАМДЫ БІРІКТІРЕТІН ҚҰНДЫЛЫҚ

Мейірімділік пен жанашырлық – қоғамның рухани тірегі. Осы асыл құндылықтарды дәріптеу мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мейірімді аудан» жобасы аясында «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы өтті.

Игі бастама аудан жастары тарапынан кең қолдау тауып, көпшіліктің жүрегінен орын алды.

Акцияның басты мақсаты – қоғамда мейірімділік мәдениетін қалыптастыру, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсету, сондай-ақ жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамыту.

Осылайша, ұйымдастырылған шара барысында ауыл тұрғындарына тегін нан таратылып, әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл игі іске Желтау ауылдық округінің қызметкерлері, ауылдық кітапхана ұжымы мен еріктілер белсене атсалысып, тұрғындарға жан жылуын сыйлады.

Сонымен қатар «Жүрек жылуы» акциясы аясында Шәмші ауылдық клубының ұжымы ауылға келген туристерді жылы ықыласпен қарсы алып, ыстық кофе мен тәттілер ұсынды. Қонақжайлықтың жарқын көрінісі ауылдың жайлы атмосферасын айшықтай түсті.

Қыс мезгілінде ашық аспан астында еңбек етіп жүрген қар тазалаушылар да назардан тыс қалған жоқ. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен оларға ыстық шай ұсынылып, маңдай терімен еңбек етіп жүрген жандарға шынайы алғыс білдірді. Бұл – еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі.

 

Аязды күндері жылумен бөлісу – үлкен сауап. Осы орайда Жастар ресурстық орталығы Бадамша агротехникалық колледжінің қолдауымен тағы бір игі шара ұйымдастырып, қатты аязда да ауданның игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды ыстық шай мен жаңа піскен бәліштермен қуантты. «Жылу тек кеседе ғана емес, жүректе де болсын» деген ниетпен өткен бұл бастама көпшіліктің көңілін толқытты.

Бұдан бөлек, «Мейірімді аудан», «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Қамқор» жобасы және «Еңбегі адал – жас өрен» бағыты аясында аудан мектептерінің оқушылары мен жас педагогтері волонтерлік акцияларға белсенді қатысуда.

Атап айтар болсақ, Сазды, Петропавл, Бадамша ауылдарындағы және В.И. Пацаев атындағы орта мектептің «Нұр» еріктілер тобы, сондай-ақ «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері қарттардың ауласын қардан тазартып, тұрмыстық көмек көрсетті. Бұл шаралар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздейді.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Жосалы орта мектеп-бала-бақшасының жас волонтерлері жалғыз басты ардагерлердің үй-жайы мен ауласында қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Мұндай игі істер жастардың бойына адамгершілік пен жанашырлық қасиеттерін сіңіруге бағытталған.

Сонымен қатар Шәмші ауылдық клубы мен модельді кітапхана қызметкерлері мешіт аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қасиетті орынға деген құрметті көрсетті. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде ауыл тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі нығая түсті.

Аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған қайырымдылық бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Орталық басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, мұндай акциялар жастарды тек көмек көрсетуге ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге тәрбиелейді.

— «Мейірімділік – бір күндік шара емес, ол – өмірлік ұстаным. Осындай игі істер арқылы біз адамгершілігі жоғары, жанашыр ұрпақ тәрбиелеп келеміз», – дейді ол.

Жұлдыз КЕНЖЕ

ТегтерЖастар