«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ»: АҚПАРАТТЫҚ АКЦИЯ АУЫЛДАРДА ЖАЛҒАСТЫ

Өткен аптада «Сенім» отбасын қолдау орталығының мамандары республикалық «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында Ащылысай мен Әлімбет ауылдық округтерінде болып, алдын алу шараларын жүргізді.
Кездесуге жоғары сынып оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Оларға «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында орталық мамандары және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Жиын барысында орталықтың профилактикалық жұмыс жөніндегі маманы Амина Биисова, психолог Інжу Жолдыбаева, заңгер Николай Смолинец қатысушыларға зорлық-зомбылықтың түрлері, жеке қауіпсіздікті сақтау тәсілдері, қиын жағдайда қайда жүгіну керектігі жөнінде маңызды ақпараттар айтып, кеңес берді.
Тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, пайдалы ұсыныстар ұсынылды. Сондай-ақ, ақпараттық парақшалар таратылып, әрбір қатысушыға құқықтық маңызы жоғары мәліметтер берілді.
-Қазір еліміздің барлық өңірлерінде аталмыш акция кең көлемде өтуде. Біздің орталық та бұл бастаманы қолдап, жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Акцияның маңызы зор. Басты мақсатымыз — жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, зорлық-зомбылыққа қарсы саналы көзқарас қалыптастыру. Осы бағытта аудан орталығынан бастап, ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырудамыз. Отбасындағы мәселелерді дер кезінде шешу — зорлық-зомбылықтың алдын алудың негізгі тетігі. Алдағы уақытта да жоспарға сай жұмыс жалғасын табады», — дейді «Сенім» орталығының басшысы Райхан Рахимова.
Жұлдыз КЕНЖЕ







