Ауыл әкімдері округтердің даму жоспарын талқылады

Іс сапар жоспарына сай аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев өңірдегі барлық ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесулер өткізіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын қорытындылады. Кездесулер Степной және Бадамша ауылдық округтерінде өрбіді.

       

Алғашқы басқосу Степной ауылдық округінде өтті. Аудан әкімі мен округ әкімі Гүлмайра Нұреділова тұрғындар алдында округтің өткен жыл ішіндегі даму көрсеткіштерін таныстырып, атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру, жолдарды күтіп-әрлеу, ауыз су жүйелерін жаңғырту, мал шаруашылығын қолдау бағытындағы нақты шаралар әңгіме өзегіне айналды.

Сондай-ақ, тұрғындар коммуналдық қызмет сапасы, көше жарығы, жол жағдайы, жастарды қолдау және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы барлық сауалдарына толық жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берді.

Айта кетейік, кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жергілікті билік пен ауыл халқы арасындағы байланыс пен сенімді нығайтуға серпін берді.

   

Келесі кездесу Бадамша ауылдық округінде жалғасты. Бұл кездесуге аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев пен округ әкімі Ернар Дабилдин қатысып, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдады. Басқосуда ауыл инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру жұмыстары, жолдардың жай-күйі, коммуналдық қызмет сапасы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы түйткілді мәселелер талқыланды.

Өңір тұрғындары өздерінің көкейіндегі мәселелерді ортаға салып, ауылдың болашағына қатысты ұсыныс пікірлерін білдірді. Аудан басшысы әрбір сұраққа жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелер алдағы жұмыс жоспарына енгізілетінін атап өтті.

Осылайша, аудан бойынша өткізілген есеп беру кездесулері ауылдардың дамуына жаңа серпін беріп, жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етті.

Қарғалы-АҚПАРАТ

ТегтерІс-сапар