ЖАСТАРДЫ БІРІКТІРГЕН ТУРНИР

Өткен аптада Ащылысай орта мектебі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында үстел теннисінен ауданаралық турнир өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды белсенді өмір салтына тарту, адалдық қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ нашақорлық пен құмар ойындардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Қатысушылар қатарында Мәртөк ауданының және Ресей Федерациясының Орынбор облысы Новотроицк қаласының спортшылары болды.
Аталған спорттық шара жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және өңіраралық достық байланысты нығайтуға бағытталды. Турнир барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды.
Жарыс тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар жылдамдық пен дәлдікке негізделген ойын өрнегін көрсетіп, әділ бәсеке мен өзара құрметтің үлгісін танытты. Бұл өз кезегінде спорт арқылы жастар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпал етті.
Жарыс қорытындысы бойынша: І орын – Самат Аяпбергенов (Мәртөк ауданы), ІІ орын – Ерлан Құрамысов (Мәртөк ауданы), ІІІ орын – Нұрболат Нишпаев (Шәмші ауылы) бұйырды.
Жастар ресурстық орталығы басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар жастардың жауапкершілігін арттырып, саналы таңдау жасауына ықпал етеді. Сонымен қатар жарысқа облыс өңіріндегі аудандармен қатар көршілес Ресей Федерациясының өңірінен де қатысушылардың келуі жастар арасындағы достық байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашты, сондай-ақ олардың бойында белсенділік, тәртіп және қоғамдық ортаға бейімделу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, аталған турнир жастар арасында спортты насихаттауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және өңіраралық достыққарым-қатынасты нығайтуға оң ықпал етті.
Жұлдыз КЕНЖЕ







