БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайту – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы, санитарлық талаптарды сақтауы және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бүгінгі күні ерекше өзектілікке ие. Осы мақсатта аудан көлемінде түсіндіру және үйлестіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Жуырда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы Айнагүл Бержанова семинар-кеңес өткізген болатын. Ондағы мақсат балалар арасындағы жиі кездесетін аурулардың алдын алу жолдары және санитарлық талаптарды сақтау барысындағы түсініктерін жеткізу болды.

Семинар Қазақстан Республикасында мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен бұйрығының шеңберінде ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты — ауданымыздағы білім беру ұйымдарында тұжырымдаманы тиімді жүзеге асыру үшін өңірлік және жергілікті үйлестірушілер, мектеп өкілдері мен ата-аналардың әлеуетін арттыру.

«Саламатты мектеп» бастамасы салауатты ұрпақ қалыптастыруда басты рөл атқарады. Барлық қатысушылар арасында тәжірибе мен білім алмасу осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Семинар барысында тамақтану, физикалық белсенділік, су, санитария және гигиена сияқты мектеп деңгейіндегі индикаторлар талқыланды. Сондай-ақ «Саламатты мектеп» бастамасын іске асырудың ұлттық моделі, никотин мен темекіге қатысты мектеп саясаты және «FAST суперқаһармандары» білім беру бағдарламасы таныстырылды.

Сонымен қатар балалардың физикалық, психикалық және эмоционалды денсаулығына, осы жастағы балалар арасындағы артық салмақ пен салмақ жетіспеушілігінің таралуын зерттеуге, сондай-ақ репродуктивті денсаулық бойынша да ақпарат берілді.

Осындай мазмұнды кездесулер білім беру ұйымдары мен ата-аналардың өзара байланысын нығайтып, балалар денсаулығын қорғау бағытындағы ортақ жауапкершілікті арттыра түседі. Болашақ ұрпақтың саулығы – ел ертеңінің кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Тілек БЕГАЙДАРОВ

ТегтерДенсаулық