ЖАС САЙЛАУШЫЛАР КЛУБЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Ауданымызда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, саяси мәдениетін қалыптастыру және азаматтық белсенділігін көтеру мақсатында «Жас сайлаушылар клубы» құрылып, өз жұмысын бастады.
Клуб аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен және аудандық жастардың қолдауымен ашылды.
Клубтың басты мақсаты – жас ұрпаққа Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі туралы мағлұмат беру, олардың саяси сауаттылығын жетілдіру, өз таңдауын еркін білдіре алатын саналы азамат ретінде қалыптастыру. Сонымен қатар, жас сайлаушыларды Отанға деген сүйіспеншілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу көзделген. Клубтың құрамына аудандық сайлау комиссияларының мүшелері және ауданның белсенді жастары кіреді.
Клуб жұмысы мектептердегі белсенді оқушылар мен ерікті жастардың қатысуымен ұйымдастырылып, жоспарлы түрде квест ойындары, пікірталастар, құқықтық тренингтер мен ақпараттық кездесулер өткізілді.
«Жас сайлаушылар клубының» құрылуы – болашақ электорат өкілдерінің сайлау процесін дұрыс түсініп, саналы таңдау жасауына бағытталған нақты қадам. Қарғалылық жастар ел болашағына бейжай қарамайтын, азаматтық жауапкершілігі жоғары ұрпақ болып қалыптасары анық.
«Жас сайлаушылар клубының» жұмыс жоспарына сәйкес көптеген іс-шара ұйымдастырып өткізілді. Атап айтқанда Республика күніне орай аудандық жастар арасында квиз ойыны өтіп, шараға жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері және белсенді жастар қатысты. Ойын негізгі үш кезеңнен және ақтық бейне сұрақтан тұрды. Тапсырмалар ел тарихынан, тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардан тұрды. Қорытынды бойынша жеңімпаздар анықталып марапатталды.
Конституция күні қарсаңында аудандық балалар өнер мектебі оқушыларымен бірге Республика көлеміндегі челленджге үн қосты.
Осы мереке аясында аудандық өнер мектебінің жас суретшілер арасында «Ата заң – ел тұғыры» тақырыбында сурет байқауын өткізді. Байқауға жас бүлдіршіндер Ата заңымыз, ел тәуелсіздігі, бейбітшілік мақсатындағы шығармаларын ұсынды. Барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып марапатталды.
«Жас сайлаушылар клубы» атаулы мерекелерде немесе іс шараларда ғана емес, бос уақыттарында да бас қосып алдағы жоспарлар мен тапсырмалар тұрғысында кеңесіп отырады. Құрамында ауданнның мәдени, қоғамдық өміріне ат салысып жүрген жастар бар. Клуб келер жылға ауқымды жобалар жоспарлап отыр. Аудандағы жастардың құқықтық сауаттылығы, саяси белсенділігін арттыру мақсатында жасалатын жұмыс көп, сондықтан клуб мүшелеріне, жетекшілеріне бір сөзбен айтқанда ауданның белсенді жастарына алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Қарғалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы








