ЖАПЫРАҚ ЖАЙҒАН ӘЖЕ

Көненің көзі боларлықтай аға буын өкілдері азайып барады. Біздің Аналар мерекесі қарсаңында сөз етпегіміз Әлімбет ауылдық округінің тумасы, қарапайым батыр ана — Шолпан Жанайқызы жайында өрбімек.

Расында, Шолпан Садықова сынды ескінің көзі, бабалар сөзі боларлық жандар арамызда  сиреп барады. Бұндай абзал әжелер өз заманының қайтпас ерлері десек те болады. Тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, 11 баланы дүниеге әкелу де үлкен жетістік. Қазіргі жетілген заманның келіндеріне ресми айтқанда үлгі боларлық мотивация екені сөзсіз.

   Шолпан әжей Әлімбет ауылдық округіне қарасты кезіндегі ұжымшардың Эбита бөлімшесінде 1939 жылы дүниеге келген. 6 жасында жергілікті мектеп табалдырғын аттаған бүлдіршін қыз, 1946 жылы 14 жасында мектептен білім алып, 7 жылдай жастайынан сауыншылыққа жегіледі. 1958 жылы ер азаматы Акарым  Сыдықовпен отбасын құрады. 25 жыл сауыншы болып қызмет еткен жан, сол кездегі ұжымшарда атқарылатын жұмыстың біразын қолынан өткізген. Оның ішінде пішен шауып, кесек басып, үй майлап, айта берсе жұмыс жетерлік.

Жолдасы Акарым ауылда бригадирлік қызметте 38 жыл жасаған. Еткен еңбегінің нәтижесінде бірнеше марапатқа ие болып, елге танымал жан болып дүниеден өткен. 11 құрсақ көтерген батыр ана  1998 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Бүгінгі күні балаларының анасы 28 немере, 25 шөберенің сүйікті әжесі. Қазір 85 жасқа толған шағында барымен базарлап, балаларының тілеуін тілеп отырған ескінің көзі әлі тың да ширақ жан. Сондай-ақ, көз көрген үлкендердің бірі.

Осы күнге жеткен жолын кейінгілерге айтудан да жалықпай, Тәуелсіздік таңына жеткеніне де дән риза.

Бақыт ИМАШЕВ