Ана-отбасының ұйытқысы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы 2023 жылғы           31 мамырдағы №426 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі «Аналар күні» мерекесімен толықтырылып отыр.

Аталмыш мереке қарсаңында Бадамша ауылының тұрғыны, Бадамша ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, жас та болса көп балалы аналар қатарындағы Алтынай Мұхтасарова туралы қалың жұршылықпен бөліспекшіміз.

Алтынай  Саматқызы 1991 жылдың 06 наурызында әкесі Самат пен анасы Гүлнар Мұхтасаровалардың, яғни дәрігерлер отбасында дүниеге келген.

Жоғары білімді Алтынай еңбек жолын 2011 жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен бастады. Қазіргі таңда «Бадамша  ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-де 2014 жылдан бастап бас маман болып қызмет атқаруда. Ол 2015 жылы Нұрбек Бедалиновпен отбасын құрып, қазіргі таңда  төрт бала тәрбиелеп отыр. Балалары аудан орталығындағы №2 Бадамша орта мектебінде білім алуда. Отбасы әрқашан игі істердің жаршысы болып, ауылдастарының құрметіне бөленіп келеді.

Алтынай жұмыспен қатар қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Атап айтар болсақ, аудандық «Аналар Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, еңбек ұжымының қоғамдық өміріне және облыстық көлеміндегі көпшілік шаралардың басы-қасында жүреді.  Ата-ана ретінде отбасындағы балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Оларға ұлттық құндылықтарды, ата-ананы құрметтеу, адамгершілік, ілтипаттылық сынды ұғымдарды әркез бойына сіңіртуді мақсат етеді. Ең бастысы отбасында өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынас және де бір-біріне деген жанашырлық, жауапкершілік сезімдері қалыптасқан.  Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін!

 

 А.ШАЙМАГАМБЕТОВА,

«Бадамша ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ  бас маманы