ЗАМАНАЙДЫҢ ЗАМАНАУИ ТАҒАМДАРЫ

ЗАМАНАЙДЫҢ ЗАМАНАУИ ТАҒАМДАРЫ

Кәсіпкерлік қызмет — тәуекелге бел буып жасалатын экономикалық әрекет. Жеке кәсіпкерлік біздің елімізде 2000 жылдан бастап қанат жая бастады. Кәсіптің де түрі жетерлік, тек ерінбесе болды. Мәселен, дәстүрлі емес бағытты қолға алып, кәсібін дамытып жүргендер көп. Солардың бірі — жылдам әзірленетін жартылай дайын өнімдерді әзірлеп, бір айдың ішінде ауылдастарының ықыласына бөлене бастаған бадамшалық жас кәсіпкер Заманай Аймолдаев.

Заманай Бадамша ауылында 1999 жылы 5 маусымда дүниеге келіп, осы өңірде өскен. Әкесі Рахметолла — тракторшы, анасы Гүлжаухар — үш баланың анасы, үй тірлігімен айналысады. Заманай — екі апасының соңына ерген үйдің кенжесі. №2 Бадамша орта мектебінде оқып, одан әрі аудан орталығындағы аграрлық техникалық колледжінде оқып, әкесіне ұқсап, ауылшаруашылығы техникасының маманы боп шығады. Алайда жас жігіт ата-анасы машықтанбаған кәсіпті қолға алуға тәуекел етеді.

Расында қай кәсіпті бастауға да ең әуелі тәуекел керек. Оның үстіне ауылда дәстүрлі емес тағам дайындап, ауылдастарына ұсыну — екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Жастар арасында сұранысқа ие пицца, бургер, чикен, донер секілді заманауи тағамдарды дайындаудың да өзіндік сыры бар.           Былтыр қараша айында «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 1 миллион 225 мың теңге көлемінде грантты ұтып алған табанды жігіт бадамшалықтарға танымал бұрынғы «Идеал» кафесін жөндеп, құрал-жабдықтарын жаңалап, істі бастап кетеді.

— Биыл қаңтар айында бұл кәсіпке шын кірістім. Қалада ғана емес, ауылда да заманауи тағамдарға сұраныс бар. Әсіресе, тапсырысты негізінен жастар береді. Алдағы уақытта мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпті ілгерілеткім келеді. Сапалы қызмет көрсетіп, дәмді тағамдар әзірлеп, ауылдастарымның ойынан шығу — міндетім, — деді Заманай Рахметоллаұлы.

Жас кәсіпкер қазіргі уақытта өз ісінің маманы, шебер аспаз Назерке Акимбава екеуі ауылдастарының тапсырысын жылдам әзірлеп, үлгеріп жүр.

Бақыт ИМАШЕВ,

 ауданның «Құрметті азаматы».