ЖЫЛ ЖЕМІСІ МЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ

ЖЫЛ ЖЕМІСІ МЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ

«Адамның денсаулығы — қоғам байлығы»,- ендеше сол байлықты көзінің қарашығындай сақтауға жанын салып жүрген ақ халаттылардың қарапайым кәсіби еңбектері ерлікке пара-пар. Осындай жанкешті еңбектің ортасында жүрген ауданымыздағы ақ халаты абзал жандардың өткен барыс жылындағы еңбектерімен танысу мақсатында аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Қуандықұлы Жаржановпен әңгімелескен едік.

— Берік Қуандықұлы сіздердің ауданымыздағы денсаулық саласына қатысты атқарып жатқан игі істеріңізге біздер куәміз. Десе де, қазіргі таңда дәрігерлерге тағылар сын мен мін аз емес. Адам өмірінің арашасы бола жүріп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап береді деп сенеміз. Осы орайда, өткен жылға есеп бере отырып, ауданымыздағы денсаулық саласына қатысты ахуалға жалпы тоқтала кетсеңіз?

— Келген жыл жақсылығымен келсін. Айтуыңыз орынды біздің сала ерекше жауапкершілікті талап етеді. Қоғам бар жерде талабы мен сыны тағы бар. Өткен жылдың қойнауында атқарылған істер аз емес. Алғашқы сауалыңызға тоқтала кететін болсам, аудандық аурухананың барлық іс-шаралары денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада мемлекет алдына ұлт денсаулығын нығайту міндеттері қойылған. «Кешегі күн, бүгін тарих дегендей…» сонау 1941 жылы қоныс аударушыларға медициналық қызмет көрсету мақсатында құрылған санитарлық бөлім бүгінгі күні — аудандық аурухана. Облыстағы ең үздік аудандық ауруханалардың бірі. «Елу жылда — ел жаңа»,- дегендей, қазіргі таңда Қарғалы аудандық ауруханасы- медициналық материалдық базасы, жабдықталуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі жағынан өзгелерге үлгі боларлықтай аудан тұрғындарына мүлткісіз қызмет етіп келе жатырған медициналық мекеме. Жалпы халықтың денсаулығы санитарлық-статистикалық кешенді көрсеткіштері, яғни халықтың өсімі мен өлім көрсеткіштері, оның ішінде балалар өлімі, әр түрлі ауруларға шалдығуы, адамның дұрыс өсіп дамуы, орташа жасы және тағы басқа факторлар арқылы анықталады. Жалпы халықтың денсаулығының қалыпты болуы – жеке адамдардың ай сайынғы алатын еңбек ақысына, жұмыс уақытының ұзақтығына, еңбек және тұрмыс жағдайларына, дұрыс тамақтануына, денсаулық сақтау ісінің даму барысына, елдің жалпы санитарлық жағдайына тікелей байланысты екенін ескеретін болсақ, қазіргі кездегі аудандық аурухананың ауданның денсаулық сақтау саласы үшін қосқан үлесін мақтанышпен айтуға болады.

— Келесі сауалымыз ауруханадағы көрсетілетін медициналық көмектің түрлері қандай?

-Қарғалы аудандық ауруханасында мамандандырылған амбулаториялық-емханалық, стационарлық медициналық көмек көрсетіледі. Ауруханада тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсететін 4 бригададан тұратын жедел медициналық көмек бөлімі жұмыс жасайды. Бөлім қажетті құрал-жабдықтар және дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Аудан халқына 2022 жылдың қорытындысы бойынша медициналық көмекті денсаулық сақтау саласының 15 ұйымы, оның ішінді 1 аурухана, 1 амбулаториялық-емханалық ұйым, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт қызмет көрсетті.

— Аудандық ауруханада қанша маман қызмет етеді оның ішінді білікті мамандар саны қанша? Жалпы кадр мәселесіне тоқтала кетсеңіз?

— Аудандық ауруханада барлығы 156 медицина қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 40 – дәрігер мен 116 — орта буын қызметкерлері. Статистикалық көрсеткіштер бойынша 10 мың аудан тұрғынына есептегенде, 2021 жылы – 24,2% құраса, 2022 жылы – 25,8% болса, ол 1,6% өсіп отыр. Ал санатты дәрігерлер- 65% құрап отыр. Оның ішінде дәрігерлер жоғары санаты бойынша – 30,0% (12 дәрігер), 1 санаты – 25,0% (10 дәрігер), екінші санаты – 10,0%(4 дәрігер). Аурухана бюджетінен резидентурада 3 бейінді мамандар, яғни анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог және офтальмолог дәрігерлер білім алуда. Жаңадан келген дәрігерлерге келсек, өткен жылдарға қарағанда 2022 жылы 4 дәрігер және 7 орта буын қызметкерлері жұмысқа алынды.

— Қазіргі уақытта ауруханадағы стационарда қандай қызметттер көрсетіліп қандай ем алуда? Жаңа жылда өзгерістер бар ма?

— Қазіргі уақытта аурухана бойынша стационар алмастырушы технологиялық үрдісі қарастырылуда. Тәуліктік стационардағы керует саны қысқартылып, керісінше, ауруханадағы күндізгі керует саны арттырылып отыр. Бұл өз кезегінде экономикалық жағынан тиімді, әрі, тұрғындар үшін аса қолайлы. Аурухананың 54 керуеттік стационары екі қабатты ғимаратта орналасқан. Ол 6 бөлім (терапия, хирургия, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімі және перзентхана), қабылдау бөлімі және жедел жәрдем бекетінен тұрады. Ауруханада жоғары білікті мамандар жұмыс жасап, әр түрлі лапароскопиялық қиын, күрделі оталар өткізіледі. Науқастарға профилактикалық, әлеуметтік – психологиялық, кеңестік – диагностикалық және толық көлемде стационарлық медициналық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, сәулелік диагностика яғни, рентгенологиялық диагностика, флюроография, ультрадыбыстық зерттеу, функционалды диагностикалық кабинеті, физиотерапевт, маммография және эндоскопиялық зерттеу кабинеттері аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде. Аудандық аурухананың хирургия бөлімі 17 керуетке арналған, өз кезегінде науқастарға жалпы хирургия, травматология және ортопедия, гинекология салалары бойынша медициналық көмектер көрсетеді. Хирургия бөліміне келіп түскен науқастар – ұйқы безі, өт қабы, өт жолдары, асқазан жарасы, ұлтабар, қантамырлар, қол аяқ-қол венасының түйілуі, буын аурулары мен өзге де сырқаттары бойынша ем ала алады. Шұғыл тәртіпте оперативтік емдеулер, соның ішінде, жіті аппендицит және холецистит, Лапароскопиялық аппендоэктомия және холецистоэктомия, перфоративті асқазан жарасында және он екі елі ішек кезінде – ойық жараны тігу, асқазан резекциясы. Жарақат кезінде – ішкі ағзалардың жарақатын тігу, спленэктомия жүргізіледі. Бөлімде құрсақ куысы мүшесі аймағына жасалатын оталардан өзге шап жарығы бойынша ота, өт жолы зерттеуімен созылмалы және асқынған өт қабының қабыну оталары жүргізіледі.

-Перзентхананың күйі қандай? Жүкті әйелдерге қандай жағдай жасалған?

-Қазіргі таңда перзентхана бөлімінде 6 керует қолданыста. Перзентханадағы әйелдер мен жаңа туылған балалар акушер-гинеколог дәрігерлер мен неонатолог дәрігердің бақылауында. Перзентхана бөлімі мамандандырылған медициналық көмек көрсете алатын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Ана қауіпсіздігі қағидалары бойынша барлық медицина қызметкерлері оқытылған. Бөлім ана қауіпсіздігі қағидасы бойынша қызмет көрсетеді (күтім және тиімді перинаталды технология). Жүкті әйелдерге бұл қағида психопрофилактикалық дайындық қосады. Туу палатасының жағдайы барынша үй жағдайы негізінде жасақталған. Жүкті және жаңа босанған әйелдерге мүмкіндігінше жағдай жасалып, оларға медицина қызметкерлері эмоционалдық қолдау көрсетіп отырады. Бір палата бір ғана әйелге арналған. Сондай-ақ, жақын адамдары яғни, жолдасы, анасы, құрбысының қатысуымен серіктес болып босану сынды тәжірибелер қолданылуда. Қазіргі уақытта перинаталды көмекті дамыту, оның ішінде нығайтуға үлкен көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, босанатын әйелдерге дәрілік жәрдем беретін тиімді технологияды дамыту қолға алынуда.

-Науқастар көбіне қандай шағымдар жиі түседі ауруханаға? Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі қандай?

-Орынды сауал әрине. Терапия бөліміне әртүрлі терапиялық сырқаттар, бүйрек жетіспеушілігінен зардап шеккен науқастар мен жіті қан тамыр жүйесінің патологиясы бар науқастар жүгініп келеді. Неврологиялық керуеттерде ми – қан айналым бұзылыстары мен жүйке жүйесі ауруларымен ауырған науқастар ем қабылдайды. Балалар бөлімі 7 керуетке арналған, бөлімде ана мен баланың бірлесіп жатуына арналған палаталар бар. Бұл тараптан балалар дәрігерінің басты мақсаты – баланың дұрыс жарасымды дамуы, оның психоэмоционалдық және физикалық денсаулығын сақтау және ауырғаннан кейін қалпына келтіру болып табылады. Балаларды емдеу барысында – заманауи диагностикалық әдістер, ішкі ағзалардың диагностикасы, зертханалық зерттеулердің барлық түрлері қолданылады.

-Жедел-жәрдемнің тұрғындарға көмек көрсетуі қалай?

-Жедел-жәрдемнің санитарлық автокөліктері қазіргі заманғы медициналық техникалармен жабдықталған. Жедел-жәрдемнің фельдшерлері кардиологиялық және реанимациялық және шұғыл көмек көрсету бойынша жоғары деңгейде көмек көрсетеді. Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің пультіне келіп түсетін жедел медициналық жәрдемге шұғыл мұқтаж болғандарға қызмет көрсету іс бойынша 4 бригада қызметкерлері тынымсыз еңбек етуде. Сонымен қатар, барлық дәрігерлік амбулаториялар пен медициналық пункттер де жедел жәрдем автокөлігімен толық қамтамасыз етілген. Петропавл дәрігерлік амбулаториясына жаңа ғимарат сатып алынса, Әлімбет, Ш.Қалдаяқов, Ащылысай, Қосестек дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өткен. 2022 жылы Ащылысай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты газбен жылыту жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, аудандық емхананың жанынан жапсырма ғимарат салуға құжаттары дайындалып, биылғы жылы жобалық – сметалық құжаттамасы бекітіліп, келесі жылы құрылысы басталады деп жоспарлануда.

-Жалпы аурухананың өткен жылдағы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасай өтсеңіз?

-2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекетік бағдарламасы шеңберінде аудан тұрғындарын скринингтік тексеруден өткізу қолға алынған. Ауданның ересек тұрғындары қан айналым жүйесінің, қант диабеті, глаукома, тік және тоқ ішек обыры, жатыр мойнының қатерлі ісігі, сүт безі обыры, асқазан мен өңеш, бауыр обырына тексеруден өткізілуде. Сонымен қатар, балалар арасында да скринигтік тексеру мәселелері қолға алынған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ұлттық иммундау күнтізбесіне» сәйкес 18 жасқа дейінгі балалар 11 жұқпалы дерттен екпе алуда. 2020 жылы аудандық аурухана аудандардың ішінде алғашқылардың бірі болып Жылжымалы медициналық кешенін, 2022 жылы 3 жедел медициналық көмек көрсету автокөлігі сатып алынды және біздің ауруханамызға «JAC» реанимобильді автокөлігі берілді. Жылжымалы медициналық кешенде терапевт, бала дәрігері, эндокринолог, невролог, офтальмолог, отоларинголог, хирург, онколог, дерматолог, акушер-гинеколог дәрігерлері қарап, кеңестер берілді. Сонымен қатар қан, зәр және биохимиялық анализдерге алынып, ЭКГ және УЗИ диагностикалық аппараттарымен тексерулер жүргізілді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылжымалы медициналық кешен Қарғалы және Хромтау аудандарының 23 елді мекенінде болып, 5309 адам тексеруден өткізілді. Тұрғындарға 16618 медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде 3653 адам диагностикалық аппараттарымен тексерулерден өтті, 7583 медициналық кеңес берілді, 5382 қан, зәр және биохимиялық анализдер алынды. Қарғалы ауданының тұрғындарына профилактикалық медициналық тексеріс жалғасын табады, Хромтау ауданының тұрғындарына да барып, медициналық көмек көрсетілетін болады. Тағы бір айта кететін жайт, аурухананың ақпараттандыру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Әлеуметтік желідегі парақшаларында, ресми сайттарында емделушілерге қажетті ақпараттар ұдайы жаңартылып отырылады. Сонын нәтижесінде, қағазбастылықтан құтылып, толықтай электронды жүйеге ауысқан. Тіпті, шалғайдағы ауылдарда орналасқан медициналық мекемелерге де интернет желілері тартылған. Осының нәтижесінде, науқас туралы мәліметті дер кезінде табуға және уақытылы көмек көрсетуге жол ашылды.

«ДамуМед» ақпараттық қосымшасы арқылы тұрғындар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, дәрігер мен науқастың уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік беріп отыр. Осылай халыққа қызмет көрсетіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі Үкімет тарапынан бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният: Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына көп көңіл бөледі. Осыған байланысты: «2023 жылы дәрігерлер жалақысын орташа есеппен 30 пайызға, орта медицина персоналының жалақысын 20 пайызға арттыру жоспарланып, қазіргі уақытта қаражат қарастырылғанын айтқан еді. Қазіргі таңда бұл жоспар жүзеге асып, аурухана қызметкерлеріне төленіп жатыр.

-Жаңа 2023 жылға жоспарларыңыз қандай?

-Ағымдағы 2023 жылы медициналық көмектің сапасын одан әрі жоғары деңгейге көтеріп, елеулі жетістіктерге қол жеткізу мақсатында жаңа межелер мен жоспарлар белгілеп отырмыз. Егемендігімізді алған уақыт ішінде медицина қай жағынан болсын дамып, өрлеу, өркендеу кезеңіне бет алып, материалдық, кадрлық, емдеу жағынан сапалық деңгейге көтерілу үстінде. Барлық орындалып жатқан жақсылық пен ашылып жатқан жаңалықтар да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуда. Денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды шешудің тиімді жолдарын әлемдік үздік тәжірибені пайдаланып және қазіргі жүйенің оңтайлы жақтарын сақтай отырып, іске асырылатынына кәміл сенеміз. Аудандық аурухана қызметкерлері аудан тұрғындарына тәулік бойы сапалы медициналық көмек көрсетуге әрқашанда дайын.

-Олай болса, сұхбатыңызға рахмет! Халықтың бас амандығы үшін күрескен еңбектеріңіз жанып, барша ақ халаттылардың да дені сау, отбасы аман болсын дегіміз келеді!

Сұхбаттасқан  Бақыт Имашев,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.