Тұрғындар тегін білім алып, сертификатқа ие болды
Қарыз, несие қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Талай жанды несібесінен айырған сол несиенің пайдасынан гөрі зияны шаш етектен. Десе де несиеге деген халықтың сұранысы жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес. Оның басты себебі қарапайым халықта қаржылық сауаттылығының болмауында. Қазақта «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген жақсы сөз бар. Расында, есепсіз алған несие есіңді шығаратынын естен шығармаған дұрыс. Еліміздегі несиелік қарыз мәселесі ауқымды болғандықтан, Президентіміздің өзі алаңдаушылық танытып, дабыл қақты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ҚР Үкіметіне «AMANAT» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту тапсырылған еді.
Нәтижесінде «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Halyk Bank»-пен бірлесе отырып, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Оның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл еліміздің барлық өңірлерінде бастау алып, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жоба аясында біздің ауданымызда да 13 мамырдан бастап, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының І кезеңі бастау алды.
Астана қаласынан арнайы келген сарапшы маман Алтынай Аткиева қаржылық сауаттылықты меңгерудің жолымен бөлісіп, ауыл тұрғындарына тегін курс өткізді. Бес күнге созылған оқыту курсына белсенділік танытқан тұрғындар саны аз болмады. Олар курста отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарды басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу, өзіңізге тиімді шарттармен несие таңдауды үйрену, депозиттердің әр түрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйрену сынды көптеген маңызды тақырыптарда сабақ алып, қаржылық білімдерін дамытумен қатар алаяқтардан қорғанудың да жолдарын меңгерді.
Сондай-ақ оқыту шеңберінде арнайы келген сарапшы маман сабаққа қатысушылармен жеке консультациялар өткізіп, олардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу, мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар құру, жоба аясында білікті заңгерлік көмек көрсету, сыйақыны есептеуге арналған депозиттік калькулятор құру сынды т.б. маңызды жағдайларға да талдау жасады.
Жоба атынан айтылып тұрғандай-ақ, қоғамдағы қарыз мәселесінің түйінін шешуге арналған. Осы орайда біз де қаржы кеңесшісінен қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған бағдарлама аясындағы бұл курстың маңыздылығын және де аудан тұрғындарының қатысымы мен қызығушылығы жайында сұрап білген едік.
-Ең алдымен жоба тақырыбы ауқымды да қоғамға өте қажет деп толық айта аламын. Оны міне бүгінгі тұрғындардың қатысымынан-ақ байқауға болады. Осы мақсатта өткізілген бес күндік сабақта қатысушылар жеке өзінің және де отбасылық бюджетке түскен қаражатты дұрыс реттей алады. Яғни, қаржылай сауатты болуға дағдыландыру, несие нарығын талдауды үйрету, қарызды мақсатсыз алмай, керісінше ақшаны дұрыс жұмсап, оны жинауға үйрету сынды маңызды дүниелерді оқып біле алды. Ал тұрғындардың қызығушылығы мен қатысымы көңіл қуантады. Сабақ басталған күннен бастап 50-60 адамнан қатысып отырды. Одан да көп қатысушылар болды. Дегенмен де, жұмыс, отбасы сынды түрлі себептерімен толық қатыса алмаса да, өздеріне ыңғайлы уақыттарда сабаққа келіп отырды. Тұрғындармен теориялық, практикалық жұмыстар жасалды. Түрлі формулалармен қаржылық мүмкіндіктерін реттей алды. Ең бастысы бір-бірімізбен еркін жұмыс жасай алдық. Қалай болғанда да бұл сабағымыз арқылы тұрғындардың қаржылық мәселелерінің реттелуіне себепші бола алсақ, біздің де мақсатымыздың орындалғаны,-дейді сарапшы маман.
Оқыту курсына қатысқан ауыл тұрғындары көлік, баспана алу, бизнес ашу секілді армандарын дәптерге сызып, оларға қалай тез әрі тиімді түрде қол жеткізуге болатынын практикалық тұрғыдан көз жеткізді. Бес күндік сабақ өте қызықты өтті. Үлкен-кішісі өздерін толғандырған сұрақтарына жауап ала алды.
«AMANAT» партиясы Қарғалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова да халықтың есеп-қисап, несие бойынша білім алуына мүмкіндік туғызып, 100-ден астам қатысушыларға сертификаттар табыс етті.
— Қазіргі кезде несие алу мәселесі өте ауқымды тақырып. Қарапайым тұрғындардың қаржылық сауаттарын арттырып, несиені мақсатсыз алмай, өзіңнің тапқан қаражатыңды үнемдей білуге үйреткен бұл курс өте қатты ұнады. Оқытушы сарапшы маман біздерге қызықты да түсінікті түрде жеткізе білді. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін. Өзімізге түйген ақпараттарымыз аз емес. Енді сол үйренгенімізді жүзеге асыра білсек болғаны,-дейді сертификат иесі Гүлжауһар Берістен.
-Мұндай курс қоғамға, халыққа өте қажет деп ойлаймын. Себебі, біздер ақша табуды білгенімізбен оны сауатты түрде жинауды білмейміз. Сондай-ақ, қазір несие алу өте қолжетімді. Алайда, оны мақсатты түрде ме әлде мақсатсыз түрде ме біле бермейміз. Ал бұл курста соның барлығы егжей-тегжей түсіндірілді. Өзім үшін де түйгенім аз емес. Өмірімізге азық болар көптеген ақпараттар алдық,-деген лебізін жеткізді Жанна Федоренко.
Бес күндік оқу барысында қарапайым халықты қаржылық сауаттылыққа қатысты құнды ақпараттармен сусындатқан сарапшы маманға аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков ризашылығын білдірді.
-«Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кең. Оның негізгі идеясы – халықтың қаржылық сауатын арттыру. Міне, осы мақсатта ауыл тұрғындары бес күн бойы білім алып, қарызсыз өмір сүрудің артықшылықтарын кеңінен түсінді. Қазіргі техниканың дамыған заманында несие, оның ішінде қаржылай, заттай қарыз алу өте қол жетімді. Сондықтан да, ойланбай оңай алынған несиенің зардабынан халық опық жеуде. Ал бүгінгі берілген білім тұрғындар үшін маңызы зор,-деді ол.
Әлеуметтік-экономикалық саясаттың элементі ретінде халықтың қаржылық сауаттылықты меңгеруі азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына құйылуына, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан «қарызсыз қоғам» жобасын насихаттау қарапайым халыққа қаржысын тиімді пайдаланып, тұрмысын жөндеуге көмектеседі.
Сондай-ақ, заманына қарай адамы дейді ғой. Қазір оңай олжа мен қалауымызға тез қол жеткізуге асығамыз. Қажет, қажетсіз қызықтың пәлен жыл зардабы барын кейде ойламаймыз да. Ендеше, арманыңа қол жеткізем десең, адалынан еңбек етіп, қаржылай сауттылығыңды арттыруға асық дер едім.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА