«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік

«Дипломмен ауылға» жобасы елімізде 15 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ол ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы білікті мамандарды ынталандыру мақсатында әзірленген жоба. Осы уақытқа дейін көптеген жас маман бағдарлама аясында өзінің туған жер төсіне оралып, қала балалары ауыл өмірін көріп, шағын елді мекендердің өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Сол бағдарманың арқасында  көтерме жәрдемақы алып, өз баспаналарына қол жеткізді.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанда 2009 жылдан бастап іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты — ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен, мемлекеттік қызмет саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру. Бұл бағдарламаның біздің өңірімізде жүзеге асырылуы жайында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Шахнияз Сақабаевпен тілдескен едік.

 

-«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бүгінге дейін қанша жас маман келіп, жеңілдіктер мен баспанаға қол жеткізді?

-Осы уақыт ішінде бағдарламаның игілігін көрген жас мамандар аз емес. 2009-2023 жылдар аралығында ауданымызда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 223 маман келіп, өз баспаналарына қол жеткізді және 395 маман көтерме жәрдемақы, яғни әлеуметтік қолдау шараларын алды.

-Өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша талдап айтып берсеңіз?

-2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданымызда 49,8 млн теңгеге 10 маманға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде:

  1. Білім беру саласында — 5 маман, сомасы 24,9 млн теңге;

2.Денсаулық сақтау саласында – 2 маман, сомасы 10,3 млн теңге;

3.Агроөнеркәсіптік кешен саласында — 2 маман, сомасы 9,3 млн теңге.

4.Мемлекеттік қызмет саласында — 1 маман, сомасы   5,1 млн теңге.

Сондай-ақ, 18 маманға – 6,2 млн теңгеге көтерме жәрдемақы төленді, оның ішінде:

1.Білім беру саласында — 5 маман, сомасы 3,4 млн теңге;

2.Денсаулық сақтау саласында – 5 маман, сомасы 1,7 млн теңге;

3.Мәдениет саласында — 1 маман, сомасы 345,0 мың теңге.

4.Спорт саласында — 2 маман, сомасы 690,0 мың теңге.

-Жас мамандарға көтерме жәрдемақы қандай мақсаттарда беріледі және де жобаға қатысты өзгерістер бар ма?

Ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту үшін мемлекет көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын қарастырды. Соңғы 10 жылда заңнамалық және нормативтік актілерге осы жобаға қатысты белгілі бір өзгерістер енгізілді, атап айтқанда:

  • Көтерме жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, 2024 жылға қарай бұл 362 900 теңгені құрайды.
  • Бюджеттік кредиттің мөлшерін 630-дан 2500 АЕК-ке (аудан орталығы) және 2000 АЕК-ке дейін ауылдық округтерге ұлғайтылды, 9 230 000 теңгеге және 7 384 000 теңгеге дейін. Кредит беру мөлшерлемесі 15 жыл мерзімге 0,01% құрайды.
  • Маманның жұмыс істеу мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды.

Осыған орай, әлеуметтік қолдау шараларын алатын жас маман  денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен, мемлекеттік қызметшілерге ұйымдарында кемінде үш жыл білім алған мамандығы бойынша ауылдық жерге жұмысқа орналасып, қызмет атқару керек.

-Жобаға қатысушы үміткерлер, яғни жас мамандар жұмысты қалай тауып, кімдерге жүгіне алады?

-Үміткер маман ауылдық елді мекенде (ауруханалар, ветеринарлық клиникалар, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері және т.б.) өз бетінше жұмыс іздейді немесе жергілікті әкімдікке жүгіне алады. Бұдан басқа, әкімдіктің сайттарында бос жұмыс орындарының болуы туралы білуге болады, онда «Қарғалы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау» мекемесімен әр квартал сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтардан сұранысқа ие қызметкерлердің тізбесін қалыптастырады. Дәл осы тізім аясында мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

-Олай болса жас мамандар құжаттарын қайда тапсыра алады және де қандай құжаттар тізбесі қажет екенін айта кетсеңіз?

-Әлеуметтік қолдау шараларын алу процесін жеңілдету мақсатында 2023 жылдан бастап, құжаттарды қабылдау «Отбасы банк» (otbasybank.kz порталы) сайты  арқылы жүзеге асырылуда. Тапсыру бойынша нұсқаулықты бізден, яғни  аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жүгіну арқылы немесе инстаграм парақшасынан таба аласыздар.

Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін мынадай құжаттарды ұсынады:

1)    көтерме жәрдемақы алған кезде:

  • осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  • білімі туралы дипломның көшірмесі;
  • жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі.

2)    тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:

  • осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша     өтініш;
  • жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  • білімі туралы дипломның көшірмесі;
  • жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі;
  • сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін) ;
  • кредиттік бюроның есебі.

-Сіздің ойыңызша бұл бағдарламаның мәні мен маңызы неде? Ауылдың өркендеуіне септігі қандай?

-Бағдарлама еліміз еркіндік алғалы бергі ауылды жерлерді дамытуға бағытталған қарқынды қадамдардың бірі болды. Тəуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуына, өз білімі арқылы ауылдық жерді көркейтуге және сол арқылы мемлекет ұсынған көмекке қол жеткізуге тамаша мүмкіндік туып отыр. Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп. Қажетті білімді меңгерген, ауылдың абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жас маман қашан да табылады. Сонымен қатар, сол ауылдан шықсаңыз тіпті жақсы. Ауылдың əлеуметіне қанық, жағдайына жетік бола тұрып, сол елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету сіз бен бізге міндет. Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына ұлтжандылық қасиеті дарыған жас өрен ұлы істерді жасауға даяр. Ал, бұл қасиеттер əрбір азаматтың бойында мектеп жасынан қалыптасады. Яғни, жобаның бастауы- мектеп деп айтуға толық негіз бар. Жасты мектеп қабырғасынан бастап туған жерді сүюге, кұрметтеуге, адал қызмет етуге тəрбиелесек, жас маманның туған еліне тура тартатыны анық.

Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА