ТҮНГІ МУЗЕЙДІ ТАМАШАЛАДЫ

 Атаулы күнге орай, өткен сенбі күні аудандық тарихи-өлкетану музейі «Музей түні-2024» акциясы аясында іс-шара өткізді.  

         Шараның мақсаты – музей кеңістігінде мәдени, тарихи мұраны насихаттау және кең аудиторияны тарту.

Бұл күні музей ғимараты ауыл тұрғындары үшін есігін айқара ашып, кешкі сағат 19:00-ден түнгі 00:00-ге дейін қызмет көрсетті. Түнгі музейге қызығушылық танытқан келушілер қатары аз болмады. Үлкен-кіші жиналған кеште,олар тарихи жәдігерлерге үңіліп, таным көкжиегін кеңейтті.

Іс-шараны тамашалауға келгендерді ұжым қызметкерлері жылы қарсы алып, қазағымыздың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды. Мерекеге сай безендірілген ғимарат көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен өткенін халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жос­парлар мен істерді ел ішіне жеткізуде музейдің алар орны зор. Сондықтан да, «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың» деген сөз бекер айтылмаса керек. Осы мақсатта халқымыздың ұлттық болмысын танытатын жәдігерлерді, туған жеріміздің тарихынан сыр шертер ұлы тұлғаларды, сондай-ақ, табиғаты әсем киелі жерлерге музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова саяхаттатып, аралатты.

Сондай-ақ, шара барысында «Жан біткен жәдігерлер» тақырыбында №2 Бадамша орта мектебінің оқушыларына музейлік сабақ, «Тоғызқұмалақ» атты музейлік ойын сабағы, «Ерлікке тағзым-елдіктің белгісі» көрмесі ұйымдастырылды.

Оған қоса жастар мен оқушылар арасында «Караоке PARTY» жарысы ұйымдастырылып, қатысушыларға тәттілер үлестірілді. Шара соңы жастарға арналған би кешіне жалғасты.

Түнгі музейді тамашалауға келгендердің қатарында оқушылардың көптігі көңіл қуантады. Өйткені, өскелең ұрпағымыздың ұлттық құндылығымыз бен тарихымызды танып білуге  деген қызығушылық танытуы, әрине үлкен жетістік. Кішкене бүлдіршіндеріміз бұрынғы телефондарға, ұлттық бұйымдарға, ақша монеталарына деген ерекше таңданыстарын жасыра алмады.

Осылайша, «Музей түні» акциясы аясында келушілер мәдениет пен тарих бағытындағы білімін таразылап, дәуірлер мен өнер арқылы бірегей және интерактивті әлемге саяхаттай алады. Және де өткен күндердің ізін өшірмей, сан мың жылдардың көзін көрген көне жәдігерлердің тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолында музей қызметкерлері үнемі ізденіс үстінде жүретіндіктерін көрсете білді. Сонымен қатар, үлкен-кіші сананы толғандырған сан түрлі сауалдарға жауап ала алды.

                                     

Расында, музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық. Сондықтан да, «Музей түні» – әлеуметтік маңызы бар акция. Ол бізді өткенді саралап, бағалап қана қоюға шақырмайды, сонымен бірге ел бірлігін бекемдеп, құндылығын қастерлеуге үндейді. Ендеше, алдағы уақытта осындай тағылымды кештер жалғасын таба берсін демекпіз.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА