ТҰМАУ ӘЛІ КЕТПЕЙ ТҰР

ТҰМАУ ӘЛІ КЕТПЕЙ ТҰР

Қыс келіп, күн суытқаннан бастап көптеген адамдарда әлсіздік пен дене қызуының көтерілуі, жалпы тұмаурату жиілейтінін жақсы білеміз. Осындай көрініс өкінішке қарай біздің аудан тұрғындарының арасында да байқалады.         Әдетте ЖРВИ мен тұмау ауруларының мониторингі жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүзеге асырылады.

 — Биылғы эпидемиялық маусым басталғаннан бері аудан бойынша 694 адам жұқпалы респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Оның 601- і — 14 жасқа дейінгі балалар. Ал тұмау ауруының зертханалық расталған 7 жағдайы тіркелді, — дейді ауданымыздағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Бержанова. Сонымен қатар ол тұмау ауруы кенеттен басталып, ауру жұқтырған адамның дене қызуы күрт көтерілетінін, сондай-ақ тұмауратқан науқаста қалтырау, бұлшық ет және бас ауруы, бүкіл денеде ауырсыну, құрғақ жөтел тәрізді түрлі белгілері қоса жүретінін айтты. Сондықтан эпидемиолог тұмау мен жедел респираторлық вирусты инфекцияның алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, антисептиктерді қолдана отырып, дезинфекциялық режимді күшейту, дұрыс тамақтанып, иммунитетті көтеру қажеттігін ескертеді. Әсіресе, науқас адамдармен байланысты шектеп, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету сынды сақтанудың қарапайым шараларын сақтауды ұсынады.

Бүгінде науқастардың 80 пайызынан астамы балалар екенін ескерсек, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, толық сауыққанға дейін балабақшалар мен мектептерге жібермеу керек. Осыны айтқан Айнагүл Бержанова науқасқа өз бетінше емделмеуге, міндетті түрде дәрігер тағайындаған ем-домды бұлжытпай орындауға кеңес береді.

Алина Мухамедиярова.