МҮМКІНДІК СЫЙЛАЙТЫН ЖОБА

МҮМКІНДІК СЫЙЛАЙТЫН ЖОБА

Жаңа жылдың басында аудан әкімінің орынбасары Бахыт Айдосовтың төрағалығымен арнайы жұмыс тобы Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл, Ш.Қалдаяқов ауылдары және келесі округ орталығы Велихов ауылының тұрғындарымен кездесті.

Жұмыс тобының мақсаты — тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен түсіндіру.

— «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты — елді мекендердегі халықтың табысын артыру. Сол себепті де «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Жобаның тұрғындар үшін ең ұтымды тұсы — олар алдағы уақытта ауылдағы үйлерін кепілге қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл — ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан да бәріңізді аулаңызға бақша егіп, қораңызға мал ұстап, қолыңыздан келетін басқа да өнерлеріңізді дамытып, табыс табуға шақырамын. Қысқасы, «Ауыл аманаты» жобасы еңбек етемін, кәсіп ашамын дейтін тұрғындарға зор мүмкіндік сыйлайды, — дейді аудан әкімінің орынбасары Бахыт Айдосов. Топ жетекшісі «Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіретінін, бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ топ мүшелері кездесу барысында жаңадан қабылданған «Әлеуметтік Кодекс» пен былтыр 29 желтоқсанда мақұлданған «Жеке тұлғалардың бонкроттылығы туралы» Заң бойынша да мағлұматтар айтты.     Кездесу соңында аудандық бөлім басшылары толғандырған, мазалаған сұрақтары бойынша тұрғындарды жеке қабылдау еткізді.

Бақыт Имашев.