ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮГЕНДЕУ БАСТАЛДЫ

Ежелден «Мал-жан аман ба?» деп хал сұрасатын қазақ халқы үшін төрт түлік – тұрмыс-тіршіліктің ғана емес, ұлттық салт-дәстүрдің де айнымас бөлігі. Осыны ескерген мемлекет 1 тамыздан бастап мал басын түгендеу жұмыстарын қолға алды. Санақ 31 тамызға дейін жалғасады.

 

Бұл жұмыстың басты мақсаты – ауыл шаруашылығын жүйелі дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және мемлекеттік қолдау тетіктерін әділ бөлуге жағдай жасау.

Осыған орай біздің ауданда да республикалық ауыл шаруашылығы санағына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Біз де санақ барысын білмекке ауылдық округтермен хабарласқан болатынбыз. Солардың бірі – Әлімбет ауылдық округі.

Округтегі мал санағына жауапты маман Зибагүл Житеуованың айтуынша, биылғы санақтың алғашқы кезеңі онлайн форматта өтіп жатыр. Ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында тұрғындар офлайн түрде де есеп береді.

Әлімбет ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысатын 42 қожалықтың бүгінге дейін 40-ы есеп-қисаптарын тапсырған. Оның ішінде төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үшеуі, 20 шаруа қожалығы және 18 жеке кәсіпкер өздерінің мал басын тіркеп үлгеріпті.

Айта кететін болсақ, белсенділік танытқан алғашқы қожалықтар қатарында «ФАР», «РУС» шаруашылықтары мен кәсіпкерлер Е.Қожахметов, А.Шукембаева, Е.Саркулова бар. Олар уақытылы есеп беріп, өзгелерге үлгі бола білді.

Ұйымшылдық пен жауапкершіліктің нәтижесінде Әлімбет округі аудан көлемінде өтіп жатқан алғашқы мал санағында екінші орыннан көрінді. Бұл – ауыл тұрғындарының іскерлігі мен бірлігінің айқын дәлелі.

Санақтың алғашқы кезеңін сәтті бастаған әлімбеттіктер алдағы офлайн есепте де жоғары белсенділік танытуға дайын екенін көрсетті.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерСанақ