ЖАСТАРҒА ЖОЛ АШҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

Өткен аптада аудандық жастар ресурстық орталығында Жастар күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Шараның басты мақсаты – жас буынды жұмыспен қамтуға, олардың әлеуетін арттыруға және жергілікті жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға бағытталды.
Іс-шараның ашылуында орталық басшысы Мейіржан Жұбан сөз сөйлеп, жастарға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
Жәрмеңке барысында аудандық Мансап орталығының басшысы Саясат Спан еңбек нарығындағы негізгі бағыттар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндіріп, әсіресе оқуын жаңа аяқтаған түлектерге арналған қолдау шараларына тоқталды.
Қатысушылар мекеме мен кәсіпорын өкілдерімен тікелей жүздесіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырды. Жастар көкейдегі сұрақтарына жауап алып, болашақ мансап бағытын айқындауға бағыт-бағдар алды.
Жәрмеңкеде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағдарламалары жөнінде толыққанды кеңес беру жұмыстары жүргізілді.
Бұл шара аудан жастарына жаңа мүмкіндіктер ұсынып қана қоймай, олардың еңбекке деген ынтасын арттыруға, өз әлеуетін көрсетуіне жол ашты.
Жұлдыз КЕНЖЕ







