Тірліктің ретін, кәсіптің көзін тапқан азамат

Соңғы кезде өлкемізде кәсіпкерліктің дамуы сан  түрлі қырынан көрініс тауып келеді. Сондай-ақ, өзінің қолынан келетін сүйікті ісін  мол табыс көзіне айналдырып жүрген жандар қаншама? Осындай жандардың бірі, техниканың тілін меңгеріп, көлік жөндеуді өміріне серік еткен – Мустафа Бактыгреев.

         Маңдай терін төгіп еңбек еткен жанның тірлігінде береке болатынын жастайынан ұғынған Мустафа өзінің, отбасының нәпақасын адал жолмен тауып отыр. Өйткені, ол жақында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алып, өзінің көлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығын ашты.

Мустафа бұл кәсіпті алыстан емес, үйінің ауласынан ашқан. Бастапқы уақытта жер алып, үлкен нысан ретінде де ашқысы келген. Десе де шаруасының ретіне қарай өзінің қаражатына шағын ғимарат салып, одан соң оған жарық пен жылу кіргізіп, аталмыш бағдарлама аясында несиеге қол жеткізіп, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарын алады. Арнайы ашылу рәсімі болмаса да бүгінде кәсіп иесі қызметіне белсене кіріскен. Тіпті тұрақты тұтынушылары да бар. Бұл орталықта кәсіп иесі көлік жөндеу, автомобильдерді диагностикалау, оған қызмет көрсету сынды көптеген жұмыстар жүргізеді. Әзірше қызметті өзі көрсетеді. Біз жұмысына арнайы барған сәтімізде де Мустафаны қызу жұмыс үстінен жолықтырдық. Кәсіп ашуының қыр-сырын өз аузынан сұраған едік.

-Мен негізі бала күнімнен көлікке қатты қызығып өстім. Сол қызығушылығымнан болар, таңдаған оқу орным мен мамандығым да осы көлік саласына қатысты болды. Осылайша, техникалық колледжді бітірген соң, көлік жүргізуші болып қызмет жасадым. Оқыған білімім мен көлік жүргізудегі тәжірибемді ұштастыра келе, көліктің қыр-сырын  толық меңгердім десем артық айтпаған болармын. Осылайша, ойлана келе неге өзімнің дөңгелек жөндеу орталығымды ашпасқа деп, ең алдымен биыл жазда қайтарымсыз грантқа құжат тапсырдым. Нәтижесінде қайтарымсыз 1 380 000 теңге грант алып, шағын кәсібімді аштым. Одан кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсібімді одан әрі кеңейту мақсатында осы көлік жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығын ашуды қолға алдым. Бүгін міне бала күнгі арманымның жүзеге асқанына өте қуаныштымын,-деген кәсіп иесі өзінің жүрек жарды лебізін білдірді.

Аудан орталығындағы көлік жөндеу шеберханасын ашқан жас кәсіпкер Мустафа бүгінде тұрғындардың да алғысы мен ықыласына бөленуде.  Өйткені, астыңдағы көлігің бұзыла қалса, қалаға қарай асықпай-ақ, ауылдан-ақ жөндеп алғанға не жетсін?! Себебі, бұрынғыдай емес, қазір көлік тізгіндеушілердің қатары да жыл сайын  көбейіп келеді. Оның үстіне соңғы уақытта жеңіл автокөліктердің түр-түрі шықты. Әрқайсының өз ерекшелігі бар. Автокөлік моторының неше алуан ақауын жөндеуге арналған жабдықтар, құрал-саймандар болмаса, көлік жөндеудің қандай мықты шебері болса да, онсыз  іс өнбейді. Сондықтан да, мұндай орталықтың болғаны әрине көңіл қуантады.

Әңгіме барысында бұл кәсіп ең алдымен өзінің сүйікті ісі болғанын ұқтық. Одан соң маңдай термен қолынан келетін іс арқылы өзгеге көмектесе отырып, еңбегіңнің қарымын алып, отбасыңды асырау да үлкен қажырлы еңбек. Ол жұбайымен екеуі бүгінде 3 баланы тәрбиелеп, өзінің адал еңбегінің арқасында отбасын ырыс пен берекеге толтырып отырған азамат. Отбасы мен қос бірдей кәсібін дамытып отырған кәсіпкер жұмыстан тіпті қол тимей, үлгермей қалатын сәттерінің жиі болатындығын да жасырмады. Сонымен қатар, еңбегінің қалай бағаланатынын да сұраған едік тілдесу сәтінде.

— Тұрғындармен қызмет жасауда мен үшін сапа мен жауапкершілік басты орында. Сондықтан да, әрбір көлікті дер кезінде жөндеуге тырысамын. Нақты бағасын қойып үлгерген жоқпын негізі. Десе де, ауыл тұрғындарына қолайлы да тиімді бағада ұсынып, өзара келісіммен жасауға тырысамын,-дейді  Мустафа.

Бұл кәсіп қоғамда сұранысқа ие. Сол себепті де кейіпкеріміз өзінің қолынан келетін ісін кәсіпке айналдыруды көздейді. Оның үстіне алғаш кәсіп бастауына себепші  болған «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен аудан әкімшілігіне деген ризашылығын білдірді.

Халқымызда «Ер еңбегімен озады, еріншек езілумен тозады» деген мақал бар. Расында, еңбек етемін деген ер азаматқа кәсіптің артығы жоқ. Қара жұмысты серік етіп те маңдай тер, адал жолмен ас табуға болады. Өзінің ұрпағын маңдай тері арқылы адал аспен асырап, саналы тәрбие беріп жүрген бүгінгі біздің кейіпкеріміздің еңбегі осыған дәлел. Бос жатқаннан еңбек ету керек. Ал сол еңбек ащы тер шығарса, соңында тәтті жемісін береді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.