Азаттықтың жаршысы -Міржақып

Ағымдағы жылдың14 желтоқсан күні «Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы» КММ-нде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай  9-11-сынып оқушылары арасында «Азаттықты аңсаған ұлт көсемі Міржақып Дулатов» атты   музыкалық-әдеби кеш өтті.

Қазақтың ағартушылық, демократтық бағыттағы оқыған азаматтарының бipi — алаш зиялысы, талантты қаламгер, қоғам қайраткері, тарихи тұлға Міржақып Дулатов. Аумалы-төкпелі заманда елдің болашағы үшін атқарған күреске толы қызметімен де, шығармашылық мұрасымен де ол халқына аяулы, еліне құрметті. Міржақып қоғамда да, әдебиетте де халқының тәуелсіздігін бірінші кезекке қойды. Өз шығармаларында туған елін оятуға ұмтылды. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болды.

Осы орайда әдеби кеш патриоттық тәрбие беру мақсатында  қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері  Міржақып Дулатовтың шығармашылығына  арналып ұйымдастырылды.    Мектептің жас мамандары көрермендердің назарына «Бақытсыз Жамал» романынан үзінді көрсетіп, театралдық қойылым сахналады.

Сондай-ақ,  «Оян,қазақ!» атты өлеңдер жинағын негізге ала отырып, ақынның туған елін оятуға ұмтылуын, Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болғанын жеткізе алды. Оқушылардың орындауында М.Дулатовтың өлеңдері жатқа оқылып, шараның соңы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Жұлдыз КЕНЖЕ.

 

ТегтерӘдеби кеш