Тілдер мерекесі аталып өтілді

Тілдер мерекесі

Қазақстан халқының тілдер күні мерекесіне орай аудандық  орталық  кітапхана ұжымы мен Халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамдық  ұйымы  және  аудандық  жастар  ресурстық  орталығының  бірлесуімен  үлкен іс шара өтті. Аталмыш  шара  аудандық  кітапхана жанынан  ашылған  БиблиоАрбатта өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты —  қазақ тілін ұлттар арасында дамыту мен насихаттау, қазақ мәдениеті мен дәстүрін ғұрыптау, көп ұлтты мемлекеттің тұтастығын, ынтымағын қалыптастыру.

Осы орайда танымдық сайысқа ауданымыздың жас  ұстаздары мен студенттер белсене қатысты.  Сайыстың шарты 4 бөлімді қамтыды.

Нақтырақ тоқталар болсақ, 1 бөлімде жалпы сұрақтар, яғни қазақ тілінің тарихы мен халқымыздың салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптары бойынша сауалдар қойылды.  Ал екінші бөлімі «Жеті жұрттың тілін біл» деп аталды. Атауынан айтылып тұрғандай мұнда әр топқа сөзжұмбақ жасырылып, оның нақты жауабын үш тілде жеткізу.  Үшінші бөлімі «Мақал-сөздің мәйегі» деп аталды. Бұл бөлім бойынша қатысушылар әр топқа айтылған мақалдың жалғасын тауып, оның мәнін толықтай ашу.

Танымдық сайыстың соңғы төртінші бөлімі «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталды. Бұл бөлімде қатысушылардың қолына бір әріптен беріліп, оларға сұрақ қойылып, сол сұрақтардың жауабын өздеріне тиесілі әріппен жауап берілді.

Осы орайда танымдық сайыстың өткізілуі жайында Бадамша мектеп – бөбекжай — бақшасының  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Азамат Ұзақғалиев өзінің пікірін білдірді.

-Тіл мерекесінің барша еліміз үшін  маңызы зор. Сондықтан да, осы мерекеге орай ұйымдастырылған сайыс өте қызықты да тартысты өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Тіл мәртебесінің әрқашан биік болуы әрқайсысымыздың басты парызымыз. Ендеше, ана тілімізді қадірлеп, құрметтейік,-дейді.

Сонымен қатар, аудандық  орталық  кітапхананың  кітапханашысы Назекен Мәтбаевада осы шараның өткізілуі жайында былай дейді.

— Ауданымыздағы жастардың басын қосқан игілікті шара өтті. Шара барысында біздің кітапхана  қоры кітап  көрмесін  жасақтап, библиографиялық  шолу  жасалды. Көпұлтты  аудан  болып  саналатын  біздің аудан  тұрғындары  үшін  қазақ  тілін  меңгеруге  арналған  әдістемелік  құралдар, мәтіндер  жинағы  мен  кәсіби-салалық  сөздіктер, тест  жинақтарын таныстырып, тіл  үйренуге керек  барлық  мүмкіндіктерді  таныстырылды. Сайыс түрінде ұйымдастырылғандықтан өте қызықты өтті. Ана тіліміз бен ұлтымыздың ұлттық құндылықтары насихатталды,-дейді кітапханашы.

Осылайша сайыс соныңда әділқазы алқалары сөз алып, барша  қатысушы топтарды жүлделі орындармен марапаттап, оларға бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Танымдың сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені №2 Бадамша орта мектебінің ұстаздары иеленсе, 1 орынды  Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының ұстаздары, ал 2 мен 3 орынды Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының жас ұстаздары мен  Бадамша агротехникалық колледж студенттері өзара бөлісті.

Бақыт ИМАШЕВ.