ТІЛ МӘРТЕБЕСІ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Тіл – ұлттың рухани тірегі, елдіктің айнасы. Тілдің мәртебесін көтеруге Қазақстан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы да жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Бізде осы орайда, ЮНЕСКО тарапынан бекітілген Әлем халықтарының тілдері күні қарсаңында биылғы жыл басында аудандық қазақ тілі қоғамдық бірлестігіне төраға болып сайланған, өнер мен мәдениетті аудан жастарына дәріптеп жүрген Жомарт Баймұханмен хабарласқан болатынбыз.

– Жомарт Батиханұлы, сіз ауданға өнер мен мәдениетті дамытуға зор үлес қосып жүрсіз. Енді «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы жайында айтып өтсеңіз?

– Иә, менен бұрын да ауданда тіл төңірегінде еңбек еткен жандар баршылық. Біз солардың еңбегі еш кетпей, «тілім» деген азаматтардың ісін жалғастырушымыз. Ауданда ең алғаш аудандық халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1998 жылы құрылып, көптеген жұмыстар атқарылды. Аудан халқы көпұлтты десек те, бүгінгі таңда мекемелер мен жеке секторлар іс қағаздарын 98 пайыз мемлекеттік тілде жүргізеді, тұрғындардың 87 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеседі. Жыл сайын мерекелерде сценарий бойынша 5 ақпанда Тілдер күні, ресми мерекелерде қазақы қойылымдар, салт-дәстүр, ұлттар татулығы дәріптеліп келеді.

Ал бүгінгі күнгі аудандағы тіл дамыту мәселесін сөз етер болсақ, жасыратыны жоқ, көп жұмыс жасауды қажет етеді. Оған дәлел – қазақ тілі қоғамының аудандағы мүшелері азайып, тілге деген тірлік солғын тартып бара жатқандай. Бұдан бұрынғы деректерге көз жүгіртсек, 1300 мүшесі бар қоғамда бүгінгі таңда 705 адамның ғана қалуы жағдайдың күрделенгенін аңғартады. Ал менің алға қойған міндетім – жастармен жұмыла жүріп, тіл мәселесін көтеру. Бұрынғы жасалған жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Бұлай айтуыма да себеп жоқ емес. Әріге бармай-ақ, қазақ және орыс тілдері аралас №2 Бадамша орта мектебінің қазақ балаларының орысша шүлдірлеп тұрғанына күнде куәмін. Алға қарай тіл мәселесін ата-аналардан бастап, балабақшада қолға алу керек. Себебі бесіктен шықпай жатып бүлдіршіндер әлеуметтік желіден орыс тіліндегі «Карусель» бағдарламасын көруге әуес болып өсіп келеді. Сондықтан балалар орыс тіліне үйір. Қазақша «Балапан» бағдарламасын қарау түгілі, орысша былдырайды. Баласы қазақша білмейді деп орыс мектептерін жағалап жүрген қаракөздеріміз де аз емес. Міне, мені ата-аналарды осындай жағдайлар алаңдатады. Сондықтан жастар арасында қазақ тілін бүлдіршіндерден, балабақшадан бастаймын деуім осыдан.

Қалай десек те, ана тілімізді дамыту, қолдау – әр қазақтың міндеті. Осыған ықпал ететін – «Халықаралық» қазақ тілі қоғамы. Ендеше төрағалар белсене еңбек етуі керек деп білемін.

Бақыт ИМАШЕВ