АУҒАННЫҢ ОТТЫ ЖЫЛДАРЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

1979–1989 жылдар аралығында өткен Ауған соғысы Кеңес Одағы жауынгерлері үшін халықаралық қақтығыс қана емес, адам тағдырының тағылымды айнасы болды деуге болады. Он жылға созылған майданға 620 мыңға жуық кеңестік сарбаз қатысты.

Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстаннан 22 269 азамат аттанған. Солардың ішінде Ақтөбе облысынан 2000-ға жуық жерлесіміз оқ пен оттың ортасында жүрді. Олардың 1030-ы туған елге оралса, 26 ақтөбелік боздақ жат жерде ерлікпен қаза тапты, бір жауынгер із-түзсіз жоғалды. Ауданымыздан барған 41 азаматтың бүгінде 16-сы ғана ортамызда жүр.

Жат өлкеде мерт болғандардың қатарында Қарабұтақ ауылының перзенті Жоныс Үкібаев та бар. Жыл сайын 15 ақпанда елімізде аман келгендерге құрмет көрсетіліп, бақилық болғандарға тағзым жасалады. Бұл күн — кейінгі ұрпаққа тағылым беріп, ел намысын қорғаған ерлердің батырлығын ұлықтайтын маңызды дата.

Осы атаулы күн қарсаңында аудандық тарихи-өлкетану музейі ерлікті насихаттауға бағытталған кездесулер өткізді.

Сонымен қатар, Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай №2 Бадамша орта мектебінде «Ауғанның от жалыны» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Тағылымды жиынның мақсаты – өскелең ұрпаққа сол кезеңнің тарихи маңызын түсіндіру, майдангерлердің батылдығы мен отансүйгіштік рухын дәріптеу.

Кешке Ауған соғысының ардагерлері Бауыржан Тастемиров пен Гарифолла Жүзбаев қатысып, жастармен ашық әңгіме өрбітті. Қонақтар қиын-қыстау шақтағы естеліктерін айтып, бейбіт тіршіліктің қадірін бағалаудың маңызын жеткізді. Олар оқушыларды туған жерді сүюге, азаматтық парызды абыроймен өтеуге үндеді.

Шараға аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова мен орталық кітапхана қызметкері де қатысып, мазмұнды мәліметтер ұсынды.

«Ауғанның от жалыны» тақырыбындағы жылжымалы көрме көпшілік назарына ұсынылып, онда тарихи деректер, фотосуреттер мен құжаттар қойылды. Ұйымдастырылған көрме жас буынның өткенге деген қызығушылығын арттырып, ерлердің есімін қастерлеуге жол ашты.

Тілек БЕГАЙДАРОВ