ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАСТАР

Волонтерлік – қоғамға ақысыз қызмет көрсету арқылы адамға немесе әлеуметтік жобаларға көмек көрсету. Бұл ұғым ежелден адамдар арасындағы өзара жәрдем дәстүрімен сабақтас. Қазақ халқында еріктілік үрдісі көне заманнан қалыптасқан. Соның айқын көрінісі – «Асар» дәстүрі, яғни волонтерліктің ұлттық үлгісі.
Біздің ауданның жастары да қиын сәтте қол ұшын созып, қоғам дамуына қайырымдылықпен үлес қосып жүрген белсенді буын. Жыл санап қайырымды жандардың қатары көбейіп келеді. Аудандағы еріктілер еңбегін оқырманға таныстыру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанмен тілдескен едік.
– Қайырымды жандардың еңбегін бағалаудың өзі – қайырымдылық. Аудандағы еріктілердің көзге көрінбейтін игі істері аз емес. Бүгінде мектеп жанынан құрылған топтар мен Бадамша агро-техникалық колледжінің студенттерін қосқанда, ауданда 110 ерікті бар. Қазақта «баланың жасағаны білінбейді» дейді ғой. Жастар көптеген игі іске ұйытқы болып жүр. Солардың бірқатарына тоқтала кетейін.
Волонтерлар жылы аясында өңірімізде жастар мен еріктілердің белсенділігі айқын байқалуда. Жанашырлық танытып, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Жүрек жылуы» акциясы барысында Шәмші ауылдық клубының ұжымы тұрғындарды жылы ықыласпен қарсы алып, ыстық кофе мен тәттілер ұсынды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына тегін нан таратылып, әлеуметтік қолдау көрсетілді. Шараға Желтау ауылдық округі қызметкерлері, ауылдық кітапхана ұжымы және еріктілер белсенді қатысып, тұрғындарға жан жылуын сыйлады. Бадамша агротехникалық колледжінің қолдауымен ауданның еңбек адамдарына ыстық шай мен жаңа піскен бәліштер ұсынылды. «Жылу тек кеседе ғана емес, жүректе де болсын» деген ниет көпшіліктің көңілін жылытады.
«Мейірімді аудан», «Адал азамат», «Қамқор» және «Еңбегі адал – жас өрен» жобаларына мектеп оқушылары мен жас педагогтер де белсенді қатысуда. Сазды, Петропавл, Бадамша ауылдары және В.И. Пацаев атындағы мектептің «Нұр» еріктілер тобы, сондай-ақ «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубы егде жастағы тұрғындарға тұрмыстық көмек көрсетіп, аулаларын қардан тазалады. «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Жосалы орта мектеп-балабақшасының жас волонтерлері жалғыз басты ардагерлерге көмек көрсетті. Сонымен бірге Шәмші ауылдық клубы мен модельді кітапхана қызметкерлері мешіт аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қасиетті орынға құрмет танытты. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде ауыл тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі нығая түсті.
Расында, аудан жастарының еріктілік қызметі қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті арттырып, жастарды жауапкершілікке және адамгершілікке тәрбиелейді. Әрбір игі іс – ортақ болашаққа қосылған жарқын үлес. Волонтерлік қызмет – жастарды қоғамға пайдалы, жауапты азамат етіп қалыптастыратын маңызды бағыт.
Бақыт ИМАШЕВ






