ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Қай қоғамда да еңбек – ел дамуының басты қозғаушы күші. Ал жұмыссыздық мәселесі халықты толғандыратын өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Осы бағытта ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға нақты мүмкіндік жасалып келеді.
Өткен аптаның бейсенбі күні «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен аудандық Жастар орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатып, тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамтуға жәрдемдесу.
Жәрмеңкенің ашылуында аудандық «Мансап» орталығының басшысы Саясат Спан сөз сөйлеп, аталған шараның маңызына тоқталды. Ол тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісіп, ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Шара барысында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер еркін пікір алмасып, қажетті мамандарды іріктеу және жұмысқа орналасу жолдары жөнінде кеңінен ақпарат алды. Жәрмеңкеге 25 жұмыс іздеуші қатысып, 5 жұмыс беруші мекеме тарапынан 27 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 8 азамат жұмысқа жолдама алып, оның ішінде 3 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 2 адам «Күміс жас» бағдарламасы бойынша еңбекке тартылды. Сондай-ақ 2 азамат қоғамдық жұмысқа жолданса, 1 жас маман Жастар практикасына қабылданды.
Іс-шара барысында тұрғындар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жұмыс берушілер тарапынан нақты кеңестер алды. Бұл өз кезегінде жәрмеңкенің маңызын арттырып, қатысушылардың сенімін нығайта түсті.
Осылайша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – аудан экономикасының дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді шара. Еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды. Сондықтан ұсынылған мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, болашаққа сеніммен қарау – уақыт талабы.
Тілек БЕГАЙДАРОВ









