Тәжірибе алмасу – қабілетті шыңдау

    16 сәуір күні аудандық балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен кездесу кеші мен шеберлік сағаты өтті.

Биыл 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне орай алғаш рет ҚР оқу-ағарту министірлігінің ұйымдастыруымен «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндерінің фестивалі ұйымдастырылуда.

Фестивальдің басты ерекшелігі — қатысушылар тек қазақ тілінде және де балаларға арналған әндерді орындайды. Әнді жанды дауыста орындағанын бейнероликке түсіріп, Tik-Tok әлеуметтік желісіне апта сайын жариялауы тиіс. Республика бойынша әр жерден іріктеліп алынған қатысушылар 1 маусымда Астана қаласында өтетін гала-концертке жолдама алады.

Қазіргі таңда осы мақсатта оқушылардың ән өнерін одан әрі нығайту үшін жер — жерде белгілі балалар композиторлары мен вокалисттер, өнер қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылып өткізілуде.

Осы орайда өткен аптада аудандық балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет үйінің сахнасында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның солисті, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің ән салу бөлімінің оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты Гаухар Саламаспен кездесу кеші және шеберлік сағаты өтті.

Шеберлік сағатында ұстаз оқушылармен дауыс жаттығуларына және ән салу техникасына байланысты сабақ жүргізіп, дауыс түрлері мен тыныс алу ерекшеліктерін көрсетіп, ұстаздық жолдағы мол тәжрибесімен бөлісті. Ал оқушылар да сахнаға шығып арнайы қонақпен  бірге ән айтты.  Осылайша, шара соңында арнайы қонағымыз өз репертуарынан, қазақ копозиторларының бірнеше туындыларын орындап, ерекше ықыласқа бөледі.

Жұлдыз КЕНЖЕ