Психологиялық қолдау – қуатты қоғамның кепілі

Өткен аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері облыстық «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталғының мамандары ауданымызға арнайы іс-сапармен келді.

Аталған жұмыс сапарына орталықтың психологиялық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі отбасы психологі, МАК-тренер Майра Сәрсенғалиева және әлеуметтік педагог Алмажан Қоғамбаева қатысып, білім беру ұйымдарында әлеуметтік-психологиялық бағыттағы бірқатар кездесулер мен әдістемелік түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

                       

Сапардың негізгі мақсаты – аудан мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдардағы психологиялық қызметтің жүргізілу барысын зерделеу, тәжірибе алмасу, кәсіби қолдау көрсету және мамандармен ашық пікір алмасу болатын.

Екі күнге созылған жұмыс барысында мамандар №2 Бадамша орта мектебі, «Айгөлек» және «Балапан» балабақшалары, Бадамша агро-техникалық колледжі, Қосестек, Петропавел, В.И.Пацаев және Әлімбет орта мектептері жанындағы мектепке дейінгі ұйымдар ұжымдарымен жүздесті. Кездесулерге психологтар, әлеуметтік педагогтар, тәрбиешілер және пән мұғалімдері қатысты.

Жиын барысында балалардың эмоционалдық күйі, буллингтің алдын алу, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, ата-аналармен тығыз байланыс орнату мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қазіргі таңда жасөспірімдер арасында жиі қолданылып жүрген DASS сауалнамасының нәтижелерін дұрыс сараптау, оны реттеу мен алдын алу жолдары қарастырылды.

Мамандар әр білім беру ұйымындағы психологиялық қызметтің құжат жүргізу тәртібін, жылдық жоспарлау жүйесін, практикалық жұмыстың формалары мен әдістерін сараптап, тиімді ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе балалардың жан дүниесіне терең үңіле білу, жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру және тәрбиелік жұмыста ортақ бірізділік ұстанудың маңызына тоқталды.

Кездесулер барысында ұстаздар мен мамандар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Іс-шара барысында педагог мамандардың сұрақтарына жауап беріліп, психологиялық-әлеуметтік қызмет бағытындағы нормативтік-құқықтық құжаттарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді сондай-ақ әдістемелік көмек көрсетілді.

Айта кетейік, екі күндік кездесулер аудан педагогтары үшін пайдалы тәжірибе алаңы болды. Бұл іс-шара әлеуметтік-психологиялық қолдаудың білім беру саласында ерекше орын алатынын тағы бір мәрте айқындады.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерБілім