Аурухана қызметі – халық игілігі үшін

Өткен аптаның бейсенбісінде емхана залында аудандық аурухананың жұқпалы аурулар дәрігері Гүлнар Мұхтасарова мен туберкулездің алдын алу дәрігері Наталья Шуингалиева 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Есепті кездесуге аудандық аурухана басшысы Еркебұлан Абдигалиев қатысып, қос дәрігердің еңбегіне оң бағасын берді. Сондай-ақ атқарылған жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді.

       

Гүлнар Мұхтасарова өз баяндамасында жұқпалы аурулардың алдын алудың маңыздылығын атап өтіп, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге егпе жұмыстарын уақытылы жүргізудің қажеттілігіне тоқталды. Ауданда екпе жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Дегенмен, екпеден бас тарту жағдайлары да кездесетіні айтылды. Дәрігер келтірген деректерден профилактикалық шаралардың оң нәтижелер көрсетіп отырғаны байқалды.

Ал туберкулездің алдын алу шаралары туралы баяндаған Наталья Шуингалиева 9 айда жүргізілген тексерістер мен флюорографиядан өту көрсеткіштерін таныстырды. Ересектерді үй жағдайында тексеру жұмыстары, балалар мен жасөспірімдер арасында жүргізілетін алдын алу шаралары жоспарға сәйкес өтуде. Дәрігер ата-аналардың бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексерістен өткізуі маңызды екенін ерекше атап өтті.

Жалпы атқарылған жұмыстарға қарап, аудандық аурухананың ақ халатты абзал жандары халық денсаулығын жақсартуға бағытталған сапалы қызмет көрсетуде және тұрғындар сенімін арттыру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқанын байқауға болады.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерДенсаулық